$ 443.37  474.49  4.83

«Ешкім Джохардан күдіктенбеді»: Бостондағы жарылыстан кейін сотталған қазақ жігіті Царнаевпен таныстығы туралы айтты

Бұл хаттарда адамдар мені қолдайтынын, көмек көрсетуге дайын екенін жазған. Бір қызығы Қазақстаннан бірде-бір адам жазбады.

2015 жылы АҚШ-тың Бостон қаласында болған террактқа қатысты 6 жылға сотталған Диас Қадырбаев жарылыс жасаған ағайынды Царнаевтармен таныстығы туралы айтып берді. Сонымен қатар ол 6 шаршы метрлік карцерде өткізген 2 жылы мен АҚШ түрмесі туралы баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Zamandas подкастында қонақта болған Диас Қадырбаев АҚШ-қа жоғары білім алу үшін аттанған. 11-сыныптан кейін емтихан тапсырып, Массачусест университетіне оқуға түскен. Сонымен қатар ай сайын 12 мың доллар көлемінде стипендия алу мүмкіндігіне ие болыпты. 

АҚШ-қа келген соң Диас Қадырбаев Джохар Царнаевпен танысқан екен. Өз сөзінде ол Царнаевтың бойынан ешқандай жаман қасиет байқамағанын жеткізді. 

"АҚШ-қа сабақ басталмай тұрып екі апта бұрын келдім. Себебі кітаптар мен қажетті жабдықтар алу керек болды. Ал университетте шетелдік студенттерге арналған жеке кампус болатын. Мұнда ағылшын тілі және математикадан тест тапсырдық. Бұл бізді топқа және курсқа бөлу үшін қажет болды. Сол жақта оқып жүргенде Тимур есімді қазақ жігіт мені орысша сөйлейтін жігітпен таныстырды. Алғаш рет Джохарды осы кезде көрдім. Көшеде өз достарымен тұрды. Олардың арасында жарылысқа қатысты істі болған Робель (Робель Филлипос) мен Стивен деген жігіт бар. Джохар ашық әрі жылы шырайлы адам болып көрінді. Кейін оның есірткі сататынын білдім", – дейді ол. 

Бұл таныстықтан кейін Диас Джохар Царнаевпен жақын араласып, дос болып кеткен. Тіпті Джохар өз атына рәсімдеп, Диасқа ұялы телефон да алып беріпті. Алайда екінші курстан бастап Джохар достарынан алыстай бастаған. 

"Айтып өткенімдей, Джохар ашық, кез келген адаммен сөйлесіп кететін. Қолынан келгенше көмектесті. Бірде сауық кешінен шыққан соң үш адамның бір адамға тиісіп жатқанын көрдік. Сол сәтте Джохар әлгі үшеуімен сөйлесіп, төебелстің алдын алды. Дәл солай өзін қорғай алмайтындарға қол ұшын созатын. Ал екінші курстан бастап мен жалдамалы пәтерге көштім. Осы кезде де жиһаз алуда, дүкенге бару кезінде Джохар көмектесіп жүрді. Ал екінші семестрде бізден алыстай бастады. Бірақ бұған мән бермедік. Ал 2013 жылдың наурызында алдын ала жоспарлаған сауық кешіне Джохар бармады. Бұл кешке баруды бәріміз жоспарладық. Бұған дейін 1,5 жыл бойы бізбен бірге болған Джохардың бармай қалуы таңдандырды", – деп қосты ол.

Ал 2013 жылдың 15 сәуірінде Бостонда терракт орын алды. Арасы 12 секунд болған 2 жарылыстың салдарынан 4 адам көз жұмып, 260 адам жарақат алған. 

Диас Қадырбаев жарылыстан кейін Джохардан мүлде күдіктенбегенін айтады. Тіпті бұдан кейін ол Царнаевпен хабарласып, хат алмасқан. 

"Джохар өзінің бұл террактке қатысы барын мүлдем білдірмеді. Ешкім одан күдіктенбеді. Әлі күнге дейін барлық түсірілім мен дәлелдерден соң Джохар мен адам өлтірген лаңкеспен байланыстыра алмаймын. Тек бірде намаз оқып, бірде оқымай кететін. Жұма намазына да арасында барып жүрді. Бұл оның лаңкес екенінің белгісі емес еді. Сосын жаңалықтардан екі адамның видеосы тарады. Олардың бірінің жүрісі Джохарға ұқсайды. Аты-жөні белгісіз. Осы сәтте мен таңданып қалдым.Бұл жағдайдан кейін Робель, Азамат үшеуміз Джохардың бөлмесіне келдік. Бірақ ол жоқ екен, тек бөлмелесі болды. Джохарды 40 минут күткен соң мен оған хат жазып, бізді үйге дейін жеткізіп тастауын өтіндім. Бірақ ол бара алмайтынын жазды. Сол сәтте қалжыңдап "Өзіңді теледидардан көрдің бе?" деп жазып едім, ол күлген смайлик жіберді. Сосын Джохар маған "Бөлмедегі заттардың ішінен өзіңе керегін ал" деп жазды. Бұл хаттан кейін Азамат құлаққапты алды, мен ноутбук, қуаттағыш пен бас киімді өзіммен алып кеттім", – деді Диас Қадырбаев. 

Көп ұзамай Джохар мен ағасы Тамерлан полицияға қарсылық көрсетіп, атыс шығарған. Қақтығыс кезінде Тамерлан көз жұмады, ал Джохар қашып кеткен. Диас тек осы жағдайдан кейін Джохардың аты-жөні жарияланып, оның жарылысқа қатысты басты күдікті екенін білген. 

Жарылысқа қатысты тергеуге ілінген Диас пен Азамат еш кінәсіз болса да қамауға алынып, өздері де істі болған. Оларға "Сотқа кедергі келтірді" деген айып тағылған. Ал Робель басқа бап бойынша жауапқа тартылды. 

Диас тергеуден кейін өзін ұзындығы 3 метр, ені 2 метр болатын камераға қамалғанын айтады. Мұнда ол 2 жылдан астам уақыт өткізген. 

"Бастапқыда көп жыладым. Барлық жағдайдан сараладым. Шағын камераның бастапқыда карцер екенін білмедім. Күндердің күнінде АҚШ-тың әр штатынан хаттар келе бастады. Бұл хаттарда адамдар мені қолдайтынын, көмек көрсетуге дайын екенін жазған. Бір қызығы Қазақстаннан бірде-бір адам жазбады. Ал анам аптасына 5 кітап жіберетін. Күзетшілер барлығын тексерген соң ғана кітапты камераға кіргізеді. Өзімнің 6 жылға сотталатынымды карцерден шығуға 2 апта қалғанда білдім. Бұдан кейін бізді басқа түрмеге ауыстырды", – дейді Диас. 

Жазасын өтеп шыққан соң ол Алматыға оралған. Бүгінде Диас Қадырбаев жарнама компаниясында қызмет етеді.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары