$ 498.51  522.84  4.81

Ақтөбеде ер азамат полиция ғимаратының алдында өзін өртеп жіберді

Ембі қаласының 39 жастағы тұрғыны өзінің үстіне бензин құйып өртеп, ішкі істер бөлімінің ғимаратына кіріп кетуге тырысқан деп хабарлады Aktobenews.kz порталы Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл қайғылы оқиға жексенбі күні түнде болған. Түнгі сағат 2.45-те Мұғалжар аудандық ішкі істер бөліміне қарасты Ембі қалалық ішкі істер бөліміне орталық есіктен белгісіз ер адам кіріп келген. Оның үстіндегі киімі өртке оранып жатқан. Кезекшілер жалынды сөндіріп, бірден жедел жәрдем қызметін шақырады. Бірақ, кеш болатын. Ер адам сол жерде көз жұмды. Қазір өзіне-өзі қол жұмсау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

Оның қорытындысы бойынша 39 жастағы ер адам отбасы жағдайына байланысты суицид жасаған. Осы оқиғаға дейін ақпанның екісі күні оның әйелі көз жұмған болатын. Өзін-өзі өлімге қиғаны туралы сол түні ер адам туған-туыстарына хабарлапты.

Айта кетейік, құқық қорғау органдарының ғимаратына келіп өзін өртейтін қазақстандықтардың саны соңғы уақытта артып келеді. Мәселен, былтыр желтоқсан айында Бас прокуратураның ғимаратында Майра Рысманова есімді жамбылдық тұрғын өзін өртеп қайтыс болса, артынша Шымкенттегі ОҚО прокуратурасы ғимаратының алдында ер азамат өртенді. Ал, жуырда ғана Атырау облысы прокурорының көмекшісі болған әйел өзі жұмыс істеген ғимаратқа келіп үстіне от қойды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары