Приморьеге Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі орталық аппаратының жедел тобы жіберілді, мамандар су тасқынымен күресу жұмыстарын үйлестіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Жаңбыр салдарынан Приморьеде 7 көпқабатты және 729 жеке үйді су басып, барлығы 65 елді мекен зардап шекті.
Приморьедегі екінші үлкен қала Уссурийсктегі су тасқыны соңғы 10 жылдағы ең жойқын және ауқымды болды, қаланың 35-40% зардап шекті. Раздольная өзеніндегі су рекордтық 10 метрге дейін көтерілді, бұл «7 жел» шағын ауданын қорғайтын, салынып жатқан бөгет деңгейінен жоғары, соның салдарынан тұрғын үйлер су астында қалды. Сондай-ақ, сол жерде Мәңгілік алау мемориалына газ беру тоқтатылды, қалалық мұражай эвакуацияланды.
9-11 тамыз аралығында Приморьенің оңтүстігінде қатты жаңбыр жауды, 188 мм-ге дейін жауын-шашын түсті. Чугуевский, Хасанский, Яковлевский, Октябрьский, Черниговский, Лазовский, Ольгинск округтері, Уссурийский және Находка қалалық округтері, сондай-ақ Михайловский ауданы қатты зардап шекті. Бұл өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне және көптеген аумақтарды су басуына себеп болды. Облыс бойынша уақытша орналастыру орталықтарында 612 адам бар.