14.08.2023, 21:30

Интернет-дүкен арқылы есірткі сатуды ұйымдастырған қылмыстық топ әшкереленді

Фото: Pixabay
Олардың қатарында бухгалтер, интернет-дүкеннің әкімшісі, буып-түюші мен жасырып кетуші бар.

Павлодар облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері прокуратурамен келісілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде есірткіні интернет-дүкен арқылы өткізумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар және Екібастұз қалаларының аумағында бір уақытта арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерінің күштік қолдауымен жедел-тергеу топтары осы қылмыстық бизнеске қатысушыларды ұстады. Жедел уәкілдер Telegram қосымшасындағы интернет-дүкен арқылы марихуананы сатуды жолға қойған ұйымдастырушыны және тағы да басқа төрт адамды құрықтады. Олардың қатарында бухгалтер, интернет-дүкеннің әкімшісі, буып-түюші мен жасырып кетуші бар.

Төрт мекенжай бойынша жүргізілген тінту нәтижесінде тоғыз келіден аса марихуана, сатылымға дайын есірткі, буып-түюге және қолдануға арналған түрлі құрылғылар, қылмыстық бизнеске қатысы барын растайтын техника мен ұялы телефондар, сондай-ақ интернет-дүкеннің қаражат айналымының жазбалары табылып, тәркіленді. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, - делінген хабарамада.