Қазақстан Ресей газын тасымалдау арқылы табыс табады. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл Қазақстан үшін транзиттен қосымша кіріс алумен байланысты оңтайлы сәт. Біз газ құбыры жүйемізді жаңғыртуға мүмкіндік аламыз. Газды ішкі нарыққа жеткізу Қазақстан үшін шығын екенін білесіздр. Сондықтан да транзиттен алынатын аталған қосымша кіріс Қазақстанға жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін тұрақты ақша кірісін қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта 1,5-тен 10 млрд текше метрге дейінгі көлемде газ тасымалдау мәселесін талқылап жатырмыз, - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, мұнан кейін бәрі де энергия жүйесінің дайындығына байланысты болады.
Дегенмен, мұнан кейін бәрі де өзбек энергия жүйесінің, Газпромдағы ресейлік әріптестеріміздің дайындығына байланысты болмақ. Аталған газ құбырын жаңғырту үшін қосымша шығындар қажет болатындығы түсінікті. Бірақ, бұл «QazaqGaz компаниясының жоспарлы жұмысы болады, - деді ол.
Осы ретте министр газ транзитінен түсетін кіріс сомасын атау ерте екендігін баса айтты.
Әзірше сомасын айта алмаймын. Ол транзит көлеміне байланысты. Индикативті баланс анықталғаннан кейін транзит көлемін білеміз және қандай көлемде кіріс алатындығымызды айта аламыз. Дегенмен, кіріс биылдан бастап болады, - деді Алмасадам Сәтқалиев.