15.08.2023, 22:30

Ұлын грантқа түсіргісі келген Тараз тұрғыны танысына алданып қалды

Фото: pixabay
Күдікті өз кінәсін толық мойындады.

Ұлын грантқа оқуға түсіргісі келген Тараз тұрғыны танысына алданып қалды, ол бұл үшін 500 мың теңге берген, деп хабарлайды Zakon.kz.

11 тамызда Тараздағы полиция басқармасына Түймекент ауылының тұрғыны арызданған. Жәбірленушінің сөзінше, 28 шілде күні ұлын Алматы қаласының белді университеттерінің біріне грантқа түсіру үшін өзінің танысына 500 мың теңге берген.

Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі ("Алаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер Тараздың 31 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.

Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Тергеу жалғасып жатыр.