Қазақстанда жыл басынан бері жасөспірімдер арасындағы қылмыс 11%-ға өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІІМ-де өткен брифинг барысында Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Лейла Әліпбаева хабарлағандай, кәмелетке толмағандар негізінен ұрлық, тонау және бұзақылық жасайды.
Қылмыстардың жасалуының ең жиі кездесетін себебі – ата-аналар тарапынан балалардың мінез-құлқына тиісті бақылаудың болмауы. Көбінесе жасөспірімдер түнгі уақытта тұрғын үй-жайлардан тыс және ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз болғаны үшін ұсталады, - деді ол.
Жыл басынан бері балаларды қадағаламағаны үшін 64 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 1,5 мыңға жуық кәсіпкер жазаланды.
2,5 мыңнан астам қараусыз қалған жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына жеткізілді. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін биыл 6 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Балалар арасында буллинг
Әкімшілік полиция комитетінің арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы буллинг әлі күнге дейін жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселе екенін атап өтті. ІІМ пайымынша, буллингтің басты себебі – балалардың адамгершілік тәрбиесіндегі кемшіліктер мен отбасындағы келеңсіздіктер.
Отбасындағы зорлық-зомбылық жасөспірімдердің психикасына, рухани және эмоционалдық дамуына теріс әсер етеді. Олар отбасында көретін мінез-құлық пен агрессияның мұндай үлгісін құрдастарына және айналасындағыларға үйден тыс жерде көрсетеді, - деп атап өтті Лейла Әліпбаева.
Айта кетейік, биылдан бастап Қазақстанда "буллинг”, “кибербуллинг" ұғымдары заңнамалық түрде енгізілді.
Енді ата-аналар өз баласына қатысты кибербуллинг фактілері анықталған жағдайда жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында уәкілетті органға өтінішпен жүгінуге құқылы.