22.08.2023, 16:40

ҰБТ-да қулыққа барған талапкерлер қайта тексеріледі

Фото: gov.kz
Ең жоғары балл жинаған, бірақ грант алмаған үміткерлер арасында осы гранттар қайта бөлінеді.

Үкімет кулуарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҰБТ-да қулыққа барған талапкерлер туралы айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Біз Ұлттық қауіпсіздік комитетімен өте тығыз жұмыс істейміз. Өздеріңіз білетіндей, тест тапсырмалары мен олардың мазмұны «Мемлекеттік құпия туралы» заңның объектісі саналады. Сондықтан мұнда ҰҚК тергеу жүргізеді. Биыл барлық өңірде комитеттің департаменттері тікелей бақылау жүргізді. Біздің ұлттық тестілеу орталығының өкілдерімен бірге жұмыс істеді, - деді министр.

Министр тексеру барысында жүздеген олқылық әшкере болғанын атап өтті. 

Соңғы мәліметке сай, 300-ден астам талапқа сәйкес келмеу фактілері анықталды. Осы жағдайлардың әрқайсысы бойынша ҰҚК және Ұлттық тестілеу орталығының өкілдерімен бірлесіп, қосымша тергеу жүргізіледі. Егер ақпарат расталса, онда балл жойылады. Егер осы уақытқа дейін талапкер грант иегері атанып үлгерсе, онда ол оны кейін қайтарады. Тиісінше, грант қайта үлестіріледі. Қыркүйек айында нақты белгілі болады. Ең жоғары балл жинаған, бірақ грант алмаған үміткерлер арасында осы гранттар қайта бөлінеді, - деп түйіндеді Саясат Нұрбек.