23.08.2023, 22:30

Астанадағы банкте адамдарды кепілге алған күдіктіге қатысты тың дерек шықты

фото: tengrinews.kz
Мурадовқа қатысты соталды тергеу биылғы 6 тамызда аяқталды.

Астанадағы Kaspi филиалында адамдарды кепілге алу ісі бойынша күдікке ілінген Әлихан Мурадов өз әрекетін түсінген. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша оның есі дұрыс деп танылды, деп хабарлайды Skifnews.kz елордалық Полиция департаменті берген жауапқа сілтеме жасап.

ПД-нің мәліметінше, Мурадовқа қатысты соталды тергеу биылғы 6 тамызда аяқталды. Барлық қатысушы іс материалдарымен танысқан. Прокурор күдіктіге қатысты айыптау үкіміне 15 тамызда қол қойып, іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.

Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, тұлғаның есі дұрыс деп танылды, - деп қосты полицейлер.

Тергеу барысында полицейлер Әлихан Мурадовтың жалғыз әрекет еткенін анықтаған.

Бұл қылмысқа басқа адамдардың қатыстылығы анықталмады, - деді полиция департаментіндегілер.

Бұған дейін Мурадовтың не қылмыстық, не әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны да белгілі. 2013 жылы наркологиялық диспансерде есепте тұрған.

Қазіргі уақытта Мурадов Астана қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №64 мекемесінде қамауда отыр. Соталды тергеп-тексерудің өзге мәліметтері Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.