Петропавлда жетім баланың құқығы тапталып, пәтер кезегіндегі орны заңсыз артқа шегерілген. Тексерістен кейін кінәлі деп танылған әкімдіктің жауапты маманы сөгіс алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің айтуынша, көктемде Петропавл әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қала тұрғыны өтінішпен келген. Әйел патронаттық тәрбиедегі 2011 жылы туған баласын мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне қоюда кемшілік барын айтқан.
Әйел патронаттық тәрбиедегі баласын пәтер кезегіне 2018 жылдың ақпан айында қойған. Алайда kezekte.kz порталында кезек артқа сырғып, кезекке тұру уақыты 2018 жылдың қыркүйегі болып кеткен. Тұрғын кезектегі орынды қалыпқа келтіруін сұрап тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласқан, алайда олар қателікті өздігінен түзетуге асықпаған. Сол себепті петропавлдық департаментке шағымданып, шара қолдануды сұрады, - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы Дархан Ермеков.
Департамент тексеріс ұйымдастырып, оның қорытындысы бойынша жетім баланың құқығы қорғалды. Пәтер кезегіндегі орнын қыркүйектен ақпанға ауыстырудың нәтижесінде ол 67 орынға өзгерді.
Ал жауапты мемлекеттік қызметші - Петропавл әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, сөгіс алды.