Танымал блогер, қоғам белсендісі Перизат Мырзахмет қазақ әйелдерінің шынайы болмысын ашып айтты. Оның сөзінше, қазақ қыз-келіншектері материалдық әрі моралдық жағынан да біреуге тәуелді екен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Перизат Мырзахметтің айтуынша ол қыз-келіншектерге бірнеше туристік тур ұйымдастырмақ ниетте болған. Алайда қаржы жағынан қысылып, отбасы мүшелеріне тәуелді болғаннан кейін, олардың көбі ұсынған бастамадан бас тартыпты.
«Жақында бір турагент кездесуге шақырды. Ұсынысы «Біз бірнеше блогермен саяхатқа шығып келдік. Олар оқырмандарын тарту арқылы өздері тегін саяхаттады. Сіз өз оқырмандарыңызды турға шақырасыз, біз ұйымдастырамыз, сіз тегін барасыз. Сізді тыңдайтын қыз-келіншектер көп қой...»
Бұрын барған саяхатшыларның бәрі ер-азамат блогерлер. Бір де бір әйел бармапты. «Неге олай деп ойлайсыз?» деп сұрадым. Білмеймін деді.
Аудиториямның қожасы көп. Жас қыздардың ата-аналары бар. Келіншектердің күйеуі, ата-ене, балалары бар. Қала берді бастықтары бар. Ол аз десеңіз «жұрт не дейді» бар. Бәрінен сұранып, бәріне түсіндіріп, бәрін мойындату керек. Кәдімгі бюрократия. Қаржылық, моральдық жағынан тәуелсіз әйел заты аз. Өте аз. Бәрі біреуге бірдеңе қарыз.
Менің аудиториямды бір жерге қыдыруға алып шығу қиындау процесс. Былтыр бір жоба бастап, қыздарға әдемі пайдалы демалыс ұйымдастырғымыз келді. Сұраныс жоғары болды. Барлық түйткіл қаржыға келгенде басталды:
Бірінші күні: төлемді жібереді
Екінші күні:
- ақшамды қайтарып бересіз бе?
- не боп қалды?
- күйеуім ұрсып жатыр...
- ақшамды қайтарып бересіз бе?
- не боп қалды?
- үй жөндеуге жинап қойған ақшам еді...
- ақшамды қайтарып бересіз бе?
- не боп қалды?
- балаларды мектепке дайындау керек...
- ақшамды қайтарып бересіз бе?
- не боп қалды?
- енем де барғысы келеді, екеумізге ақша жетпейді...
Осындай ұшы-қиыры жоқ себептер. Қайтарып бердік. Бәрін де түсінеміз. Әйелдің миында шаруаның тізімі, иығында жауапкершілік, қолында отбасының тағдыры. Әйелге бәрі - баласынан бастап бастығына дейін айғайлайды. Қала берді шашы айғайлап жүреді.
Менің жауабымнан кейін турагент терең күрсінді», - деп жазды қоғам белсендісі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.