21.02.2017, 11:16

"Қазмұнайгаз" бен "Лукойлда" жанармай тағы қымбаттады

Соңғы бір айдың ішінде еліміздегі кейбір жанармай бекеттерінде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы екінші рет қымбаттап отыр. Бұл туралы Tengrinews.kz порталы хабарлады.

Атап айтқанда, "Қазмұнайгаз" жанармай бекеттерінде АИ-92 маркалы сұйық отын бағасы 139 теңгеден 141 теңгеге дейін өскен. Ал, АИ-95 бұдан былай 154 теңгеден сатылатын болады. "ҚазМұнайГаз Өнімдері" компаниясы өкілдері бағаны нарықтағы өзге бәсекелестерінің бағасымен теңестіру үшін осындай қадам жасалғанын айтып отыр.

Сонымен қатар, "Лукойл" жанармай бекеттерінде де АИ-92 маркалы бензині бірден 5 теңгеге қымбаттап, қазір литрі 145 теңгеден сатылып жатыр. Ал, АИ-95 - 165 теңге.

Ал, Sinooil, Helios, Royal Petrol және Газпромнефть-Қазақстан жанармай бекеттерінде бағалар өзгеріссіз қалды. Естеріңізге салайық, елімізде жанармай бағасы ақпан айының басында ғана қымбаттаған болатын.