Алматыдағы Абылай хан мен Райымбек көшелерінің қиылысында жеңіл көлік аялдамаға соғылып, 7 адам зардап шекті. Төрт адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Оқыс оқиға 28 тамыз түскі сағат 12.00-де болған. Бес зардап шегуші түрлі дене жарақатымен Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді.
Тексеруден кейін үшеуі амбулаторлық емдеуге жіберілді. Бір науқаста сол жақ сан сүйегінің жабық сынығы, сол жақ тобығының жабық сынығы анықталды. Ал екінші науқастың миы шайқалған. Сол жақ жіліншігі сынған. Екі науқас та травматология бөлімшесіне жатқызылды, - дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
Барлық жүргізілген тексерудің нәтижесі бойынша екі бала да нейрохирургиялық бөлімшеге жатқызылды.
15 жастағы балаға жабық бас-сүйек ми жарақаты, мидың шайқалуы, жұмсақ тіндердің зақымдалуы диагнозы қойылды. 16 жастағы екінші балада аралас жарақат, жабық бас-сүйек миының жарақаты анықталды. Миы шайқалып, оң жақ жіліншіктің ортаңғы үштен бір бөлігі сынған, - дейді ведомство.