Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында Испанияның «Барселона» клубының бұрынғы аңыз ойыншылары мен Азия елдерінің белгілі футбол ардагерлері арасында жолдастық кездесу өтеді. Бұл ойын 30 тамызда 20:00-де Долон Өмірзақов атындағы стадионда болады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Барселона аңыздары» командасы құрамына көптеген беделді титулға ие болған футбол жұлдыздары енгізілген. Олардың қатарында Роналдиньо, Ривалдо, Карлес Пуйоль, Жулиано Белетти, Эдгар Давидс, Франческо Коко, Людовик Жюли, Рональд де Бур, Хавьер Савиола, Альберт Хоркера және өзге де танымал ойыншылар бар.
Ал «Азия аңыздары» құрамасында қазақстандық бұрынғы орталық қорғаушы және жартылай қорғаушы Самат Смаков, пен Андрей Карпович, қытайлық, қырғызстандық қорғаушылар Фань Чжии, Руслан Сыдықов, түркімен футболшысы Амандурды Аннадурдыев, жапониялық, тәжікстандық, ресейлік, өзбекстандық жартылай қорғаушылар Хидэтоси Наката, Мухсин Мухамадиев, Андрей Канчельскис, Мирджалол Касымов, қырғызстандық шабуылшы Хуршит Лутфуллаев ойын көрсетеді.
Қырғызстан Республикасы Президент Аппараты ақпараттық саясат қызметінің басшысы Дайырбек Орунбековтің айтуынша, «Азия аңыздары» құрамасы ойынына Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың қатысуы жоспарланған.
Бұл ойын Джалал-Абад қаласында Орталық Азия алғаш рет «Барселона» футбол клубы академиясының ашылу құрметіне арналып отыр.