Есім әр адамның өміріне әсер етіп қана қоймайды, әр елдің тарихынан да сыр шертеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазақстандағы ат қою сән-салтанаты уақыт ағымына сай өзгеріп отырады.
31 жас еліміздегі аналардың орта жасы болып саналады, ал 32 жыл бұрын Қазақстан өз тәуелсіздігін алды. Бүгін біз әр жылдары қандай есімдер сәнде болғанын мысалмен саралап көретін боламыз.
1990-жылдар: Нұрсұлтан, Айдана, Таңшолпан
Тоқсаныншы жылдары Қазақстандағы қазақ есімдерінің саны 20%-дан аз болды. Тәуелсіздік алған соң есім қою салты да өзгерді. 10 жылдан кейін ерлер мен әйелдердің 63%-ына түрік пен арабтан шыққан аттар қойыла бастаған.
1990 жылдың қаңтар айында ең сәнді есімдердің көшбасын Нұрсұлтан бастады. 1991 жылдың қараша-желтоқсан айларына дейін ата-аналар балаларына көбіне Нұрсұлтан деген ат берген. Екі айдың ішінде 907 балаға тұңғыш президенттің аты қойылған. Алайда 1995 жылдан бастап Нұрсұлтан ТОП-20 есімнің қатарынан түсті. Тәуелсіздік алған соң қазақстандықтар Азамат деген атты да көп қоя бастаған.
1992-1998 жылдар аралығында ата-аналар қыздарына Айдана деген атты көп қойды. Отандық журналист, пиар-менеджер Айдана Кәрібжанованың сөзінше, бұл есімнің танымал болуының себебі – еліміздің егемендікке ие болуында.
"Тәуелсіздік алған соң қазақстандықтар балаларына тек қазақ есімдерін қоя бастады. Яғни түп-тамыры таза қазақ сөздерінен шыққан "ай", "дана" сөздерін біріктірген есім сосын да танымал болған шығар", - дейді ол.
Ұлттық құндылықтардың алға шыға бастауының бір көрінісі есімдерден де байқалады. 1993 жылдың ақпан айында сәнді есімдердің алдыңғы қатарына Таңшолпан шықты. Үш ай бұрын телеарна эфиріне "Таңшолпан" атты бағдарлама шығып, аталған бағдарлама көпшіліктің жүрегін жаулаған соң ба, әйтеуір Таңшолпан есімін таңдағандар көп болды.
2000-жылдар: Александр, Дильназ, Аружан
Екі мыңыншы жылдары Айдана есімі сәннен қалып, орнынан Аружан шықты. Аттай он жыл бойы Аружан алдыңғы қатарды ешбір атқа бермеді. Одан бөлек, Дильназ есімі де сәнге айналды.
2000 жылдары Олимпиада чемпионы, боксшы Бекзат Саттарханов жол апатынан қайтыс болып, 2001 жылы ел бойынша 1807 балаға Бекзат есімі берілді.
1991 жылдың қазан айына дейін 10 жыл бойы ер адамдар арасында Александр есімі танымал болды. 2017 жылға қарай ерлер мен әйелдерге қойылатын есімдер арасында бірде-бір славяндық ат қалмады.
Бұның себебі Қазақстандағы орыстардың азаюы. Соңғы отыз жылда орыстар екі есеге азайған. 1989 жылы республикамызда 6,23 млн орыс болса, 2022 жылы 3 млн ғана орыс ұлтының өкілдері қалған. 2021 жылы Қазақстанда 32 300 орыс дүниеге келіп, 60 300-і дүниеден озды.
Алайда славян аттарының сәннен қалуының себебі тек бұл емес. Орыс есімдерінің өзі әрқилы бола бастады. Елена, Татьяна, Сергей, Александр сияқты кең таралған есімдердің орнына Аксинья, Марфа, Наума, Емельян сияқты аттар қойылған.
Қазақстандық протоиерей Евгений Иванов сол жылдары өз дәстүрлері бойынша баланы шоқындыру рәсіміне әкелгенде қандай сәттер болғанын еске алды.
90 жылдары мен үшін біртүрлі болып саналатын Аристарх, Хризостом сияқты есімдері бар балаларды әкелетін. Бұл дұрыс та шығар, алайда, ата-ана өзінің баласына есімі арқылы өмірлік қиындықтардан тез шығып кетуіне көмектесулері керек, - дейді ол.
Яғни осы уақытта қазақстандықтар арасында орыс есімдері танымал болған.
2010 жыл: Дінмұхаммед, Айару, Айзере
2010 жылы ер адамдар есімінің көшбасында Ерасыл, Айсұлтан, Алихан тұрды. Алихан аты күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қыздар арасында Айзере, Айару, Раяна аттары бір-біріне дес бермей, қатар келеді. Ұлдар арасында Дінмұхаммед, Димаш аттары танымал.
2017 жылы сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиін кириллден латынға өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Осының әсерінен қысқа аттар көш басына шықты. Амир, Али, Айлин, Айша есімдері осыған дәлел.
2010 жылдан күні бүгінге дейін ата-аналар қыздарына Айзере атын беруден шаршамайды. 2010 жылы қазақтың ұлы ақыны Абайдың 165 жылдығына орай оның өмірбаянын қайта парақтаушылар көбейіп, жұртшылық Абайдың әжесі Зеренің есімін қайта жаңғыртқан деген де нұсқа бар. Зерені заманға сай қылу үшін "Ай" қосылған.
2020 жылдан бастап: Алихан, Медина, Асылым
5 жыл бойы қазақстандықтар жиі қоятын есімдердің рейтингінде Алихан мен Медина тұр. Одан бөлек, жігіттер арасында Омар, Мұхаммед, Амир, Алдияр, Айсұлтан, Алан есімдері, қыздар арасында Асылым, Айша, Айлин, Сафия, Томирис, Аяла, Раяна есімдері танымал.
Тамыз айында Асылым есімі Мединадан да көп қойылған. Оның себебі отандық әнші Айқынның әні болуы мүмкін. 2014 жылы Айқын "Асылым" деген ән шығарып, аталған ән жұрт жүрегін тез жаулады. Ал рэпер айтатын "Медина" болса, 2017 жылы хитке айналды.
Әннің арқасында есім туатыны таңғалатын нәрсе емес. Юрий Визбордың "Александрасы", Андрей Губиннің "Лизасы", Би-2 тобының "Варварасы", Батырхан Шүкеновтың "Джулиясы" осыған дәлел.
Ислам дінінің кең таралуы да адам атына әсер етпей қоймады. Нұрислам, Мансұр, Ибрахим, Алихан, Хамза, Ислам, Мүслім, Мұхаммед есімдері сөзімізге дәлел.
Алихан есімі 9 жылдан бері танымалдығын жоғалтпай, еліміз бойынша 59 мың адам осы есімді арқалап жүр. Алайда есімдер рейтингінен 2016 жылы түсіп қалған Александр есімі 178 мың адамға қойылған. Елімізде Мединалар 44 мың болса, Татьяналар 134 мың. Яғни есімдер қаншалықты сәнді болса, соншалықты балаға көп беріледі деген сөз емес.
Қорыта айтқанда, адамның есімі тағдырына әсер ететінін рас. Сондықтан ат таңдауда абай болайық, ағайын.