02.09.2023, 03:30

Данияр Әшімбаев Жолдау жайлы: Нақты іспен айналысуға арналған жоспар

Фото: inform. kz
Саясаттанушы Жолдауда көтерілген маңызды мәселелердің бірі – су тапшылығы екеніне тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялай отырып, Үкіметке қателіктерден сабақ алып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болатын нақты түйткілдерді шешуді тапсырды. Мұндай пікірді саясаттанушы Данияр Әшімбаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Президент ұзақ мерзімді стратегиядан бас тарту орынды деп санайды. Өйткені, Үкімет оларды орындай алатын жағдайда емес. Жоспарлау жүйесі өзгертіліп, ұзақ мерзімді жоспарлардың орнына міндеттерді шешу 3 жылға қысқартылады. Барлық тапсырмалар орындалды деп берілген Үкіметтің есептерін салыстыра отырып, Президент олардың тек сөз жүзінде қалғанын еске салды. Бұл – шағын және орта бизнесті қолдау, базалық салаларды жаңғырту, ауыл шаруашылығы, өнімді терең өңдеу, энергетика саласындағы жұмыстарды қайта қарау. Яғни, Үкімет барлық міндеттердің орындалғаны туралы үнемі есеп береді, ал бүгін Президент бұл міндеттерге қайта оралды. Шын мәнінде ол жұмыстар тек плакат беттерінде қалған. Сондықтан бұл Жолдауда құрғақ сөз жоқ, нақты мәселемен айналысуға арналған жоспар», - деді Данияр Әшімбаев.

Саясаттанушы Жолдауда көтерілген маңызды мәселелердің бірі – су тапшылығы екеніне тоқталды. Сонымен қатар Данияр Әшімбаев Президенттің логистика, құрылыс пен жол сапасын сынға алуы орынды деп санайды.

Президент екі жаңа министрлікті құру бастамасын көтерді. Бұл – Көлік және Су министрліктері. Аталған идеяның мәні тереңде жатыр. Мәселеге жаппай қарайтын, жүктемесі көп министрліктердің орнына мамандандырылған мемлекеттік органдардың болуы маңызды», - деді спикер.

Данияр Әшімбаевтың пайымынша, биылғы Жолдау нақты істердің жоспары жазылған – маңызды құжат. Оның әр саласы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс.