Қасым ханның отбасында жазылған қолжазба енді оқырманға қолжетімді болмақ. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Франциядан табылған Қасым ханның әйелі Айша ханымның қолжазба көшірмесін басып шығарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қолжазба түркі тіліндегі (қыпшақ диалектісі) мұсылман теологиясы бойынша жазылған. Ғалымдар белгілі шығыстанушы В.П.Юдиннің XVI ғасырдың басындағы «Таварих гузида Нусрат нама» қолжазбасын көне қазақ тілінде жазылған деп сипаттағанына сүйене отырып, бұл жазбаны да аталған туындыға жақын деп санады.
Қолжазба жеті тараудан тұрады. Әрбір бөлім исламның қасиетті кейіпкерлеріне қатысты бір немесе бірнеше хикаялармен толықтырылған. Бұл еңбек XV ғ. соңында өзбек-қазақ сұлтаны Қасым Жаһангирге (Қасым хан) үйленген Тимуридтердің билеушісі Сұлтан Хусейн Мырзаның қызы Айша сұлтан ханым-бегімге арналған. Қолжазба Айша сұлтан ханым-бегімнің жеке кітапханасында сақталған. Кітап Шайбанидтер Мауереннахрға келгеннен кейін Орта Азиядан қашқан Тимуридтер арқылы Үндістанға жеткен. Қолжазбаны XIX ғасырда Францияның Ұлттық кітапханасы сатып алған. Қасым сұлтан мен Хусейн Байқара арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас белгісі және Қасым сұлтан мен Айша Бегімнің (Хусейн Байқараның қызы) үйленуінің болжамды күнін Хондемирдің «Хабибу Сияр» кітабынан байқауға болады, - деді Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш.
Кітапты түптеу жұмыстары бірнеше аптаға созылған. Көшірменің жекелеген беттері біріктіріліп, бүтін блокпен мақта жібін қолдану арқылы тігілді. Сондай-ақ мұқабасына арнайы батист матасы қапталып, картон қағазы мен қанық жасыл түсті табиғи былғары қолданылды.
Қолжазбаның түпнұсқасы Париж Ұлттық кітапханасында сақталған. Қолжазба шамамен 1501-1515 жылдары жазылған. Тарихи мұраның басы мен соңы болмауы себепті толық нұсқасы сақталмаған, - деді комитеттің баспасөз қызметі.