07.09.2023, 12:40

Euro 2024: Бүгін елордада Қазақстан және Финляндия кездесуі өтеді

Фото: pixabay
Ұпай жинаған Қазақстан және Финляндия турнир кестесінде көш бастап тұр.

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы бесінші кездесуін Финляндияға қарсы өткізеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Қазақстан және Финляндия кездесуі 7 қыркүйекте елорда уақытымен 20:00-де «Астана-Арена» стадионында өткізіледі.

Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қазірге дейін төрт ойыннан кейін тоғыз ұпай жинаған Қазақстан және Финляндия турнир кестесінде көш бастап тұр.

Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасы төрт кездесу өткізді. Қазақстандық футболшылар Словениядан 1:2 есебімен жеңілсе, Данияны (3:2), Сан-Мариноны (3:0), Солтүстік Ирландияны (1:0) есебімен қапы қалдырды.

Қазақстан мен Финляндия қазірге дейін бес мәрте кездесіп үлгерді. Оның біреуінде тең нәтиже тіркелсе, төртеуінде финляндиялық футболшылар жеңіске жетті.

Айта кетсек, бүгін елорда уақытымен 23.45-те қазақстандық футболшылар ойын көрсететін H тобында Дания мен Сан-Марино, Словения мен Солтүстік Ирландия құрамалары жасыл алаңға шығады.

Сондай-ақ, В, E, G топтарында төртінші тур ойындары өткізіледі.

Дереккөз: ҚазАқпарат