Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басшылығында бас менеджерлердің орнында жап-жас қыздар отыратынын сынға алды, деп хабарлайды Nur.kz.
— «Самұрықта» да кімді жұмысқа алмай жатыр?! Мектепті жаңа ғана бітірген қыздар. Сөйтіп оларды бас менеджерлер дейді, — деп сынға алды Президент.
Мемлекет басшысы негізінде, жұмыстардың бәрін сарапшылар істейтінін мысал етіп, өзге құр отыратындарды да түйреп өтті. «Одан да бәрін орнынан алып тастап, Қазақстанның бүкіл экономика салалары бойынша тек сарапшыларды ғана қалдыруым керек шығар» деді Елбасы.
— Сіздердің ешқайсыларың осыған қарамайсыңдар ма, тәртіпке келтірмейсіңдер ме? Қысқартыңдар, ақша мәселе емес. Мықты мамандарға төлеңіздер, олардың біреуі құр отыратын он адам үшін жұмыс істейді. Мен басқарудың барлық сатысынан өттім, төменнен жоғарыға: кәсіпорыннан республикаға дейін. Бәрін білем. Бөлімде 10 адам отырады, солардың арасынан екеуі ғана арқаланып істейді, қалған 8-і солардың мойнына мініп алады. Өтірік пе? Кім жұмыс істейді, соның мойнына арта береді. Ал аналар қолдарына қалам ұстап алып отырады, — деді Елбасы.