08.09.2023, 11:00

Жалған түбіртек көрсетіп, тегін ас ішкен Шымкент тұрғыны сотталды (ВИДЕО)

Ол екі күн ішінде 5-6 рет тегін тамақтанған.

Жалған түбіртек көрсетіп, тегін ас ішкен шымкенттік сотталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Polisia.kz мәліметінше, 30 жастағы қала тұрғыны қоғамдық тамақтану орнында тегін ас ішіп, азық-түлікке ақша үнемдеуді шешкен. Кассирлерге төлем жасау кезінде ол электронды аударымның жалған түбіртектерін көрсетіп, екі күн ішінде 5-6 рет тегін тамақтанған.

Тұрақты келушіге алданғанын білген дәмхана қызметкерлері бұл туралы полицияға хабарлады.

Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Тұран АПБ-ның қызметкерлері мекеме камераларындағы бейнежазбаларды тексеріп, күдіктінің жеке басын анықтады. Оны іздеуге криминалдық полицияның жедел уәкілдері мен жергілікті полиция қызметінің инспекторлары жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары ықтимал куәгерлерден жауап алып, ер адамның қозғалыс бағытын нақтылады.

Үш күндік іздеу жұмыстарының нәтижесінде тегін тамақ ішуге әуесқой азамат қала аумағында ұсталды.

Ұсталған адам көктемде тонау қылмысын жасағаны үшін сот тағайындаған бас бостандығын шектеу жазасын әлі де өтеп жатқаны белгілі болды. Аталған жазаның өтелмеген мерзімін қосу арқылы сотталушы 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды, – деді Тұран АПБ-ның анықтаушысы Ернұр Әбубәкір.