Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушылардың мектепке хиджаб киіп баруына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Мүфтият қыздарға орамал тағудың да, білім алудың да параз екенін, алайда шариғаттың балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейтінін мәлімдеді.
Иманды, білімді ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың басты мақсаты. Шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Сол секілді білім алудың да үкімі – парыз.
Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуге тиіс. Алайда шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек, - делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
Сондай-ақ жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылатынын, бұл мәселе мүфтият қызметкерлерін де бейжай қалдырмайтынын жеткізді.
«ҚМДБ өз құзыреті аясында бұл мәселеге қатысты уәкілетті мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар берді. Мұсылман жамағатының өтініші ескеріліп, оң шешім қабылданады деп үміттенеміз», - деп түйіндеді.