Алматы облысында мал азығы қымбаттап кетті. Шаруалар шөп іздеп сабылып жүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық порталы.
Судың тапшылығын тартып келе жатқан өңірдің бірі Райымбек ауданының шаруалары. Таулы өлкенің қысы қарлы, жазы жаңбырлы болып келеді. Соның өзінде шаруалар мал азығын таппай тентіреп жүр. Тек Сарыбастау ауылының өзінде жүзден астам шағын қожалық бар. Жаздай малды жайлауға жаятын жұрт, қазір жем-шөп таппай сергелдеңге түскен. Сөздеріне сенсек, суармалы жердің де шөбі биыл қурап кеткен. Өйткені, су жетіспейді.
12 гектардан 12 орам шөп алдым. Бұл өте аз, судың жетіспеушілігінен шөп аз шықты. Алқапты суаруға тәулігіне үш мың теңге алады. Бізге тәулігіне бес мың теңге деген. Қымбат. Қарсы шыққан соң үш мың теңгеге түсірді. Бұрын шабындыққа ағызған су үшін тәулігіне бір мың теңгеден төлеп келден едік. Біз жақта судың қоры қар суымен жиналады. Бұлақ көздерінен аққан су жетпейді алқапқа. Су қоры тапшы. Райымбек ауданындағы шаруалардың 90 пайыз судың қорлығын тартып келеміз, - деді «Жантөре» шаруа қожалығының иесі Ержан Молдахметов.
Салдарынан мал азығы да бірден 15-20 пайызға қымбаттап кеткен. Қары қалың, қысы ұзақ, таудағы халық үшін малды қыстан аман алып шығу қиынға соғады.
Шаруалар мал азығының қазірден бұлайша қымбаттауына алқапқа жіберетін су бағасының да қымбаттауы себеп болды дейді. Жанар-жағармай да биыл көтерілді, таудан аққан судың да құны үш есеге қымбаттаған.
Бір орам шөп биыл 15-16 мың теңге болды. Дәріден, адам жанынан қымбат. Маған қыстай малымды қырып алмай, аман алып шығу үшін 100 орам шөп керек. Оған бір жарым миллион теңге кетеді. Ауылда 120-ға жуық шаруа бар. Ауыл халқының күнкөрісі - мал. Шөптың бағасы қымбаттап кетті. Оған көліктің тасымалы тағы қосылады. Президент проблеманы шешу жайында айтады, бірақ ол сол айтылған жерде қалады. Жергілікті билік жайбасар, шеше алмай келеді. Облыс әкіміне қоятын сұрағымыз көп. Судың қорлығын тартып келеміз. Мемлекеттің бағдаламасын аудан, облыстағылар орындай алмайды. Аудан әкімі бізді сергелдеңге салып бітті. Су қоймасы салынады, керемет болады деген. Әлі бітпеді ол қоймасы. Жем-шөп іздеп қаңғып жүрміз, - дейді Сарыбастау ауылының тұрғыны.
Президент елдегі су проблемасын шұғыл түрде шешуді тапсырды. Су ресурсы – елдегі шешімін таппаған, күн тәртібінен түспеген өте ауқымды мәселелердің бірі екені баяғыдан белгілі. Егістік алқабы мен күнделікті өмірде қолданатын судың 40 пайызы ысырап. Бұл үрдіс жалғаса берсе алдағы 15 жылда елдегі судың тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетеді. Бұл Президенттің айтқаны. Суды үйнемдеп пайдалану технологиясы жоқтың қасы. Президент су ресурстарын үнемдеп пайдалану туралы тапсырма беріп қана қоймай, арнайы министрлікті де құрды. Бірақ судың тапшылығы жуырда жойылады дегенге шаруалар сенбейді.
Тұщы су ресурсын экономиканың барлық саласы пайдаланады. Елдің даму мәселесі алға қойылған болса, ең алдымен судың мәселесін шешуге назар бөлінуі керек. Су экономиканың, мемлекеттің дамуының негізгі құралы. Су ресурсы тұрақты мөлшерде азаюы мүмкін, бірақ көбеймейді. Суға деген сұраныс халық санының көбеюі, экономиканың өсуіне байланысты, ауыл шаруашылығының, қала шаруашылығының өсуіне байланысты. Судың жетіспеушілігі дегеніміз су мен суға деген сұраныстың айырмашылығы. Ол айырмашылық ел дамыған сайын үлкейе береді. Шешу жолдарымен арнайы министрлік айналысуы керек. Президент бұл мәселені дұрыс ұсынып отыр. Министрлікті су саласын тәртіпке келтіру, бүгінгі күн талабына сай жаңашалап қайта құру, суды үнемдеу, сақтау, дұрыс пайдалану, оны қорламай, ластамай кешелек ұрпаққа жеткізу осы министрліктің міндеті, - деп санайды бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев.
Маман тұщы суды тиімді қолдана білетін мамандарды да даярлау керек деген ойда. Бірақ, ЖОО су мамандарын даярлауды мүлдем тоқтатқан. Ал ел тұрғындары да, тіптен шаруа қожалықтары да әлі күнге суды үнемдеуді үйренбеген. Қазақстанның барлық аймағында суға деген тапшылық бар. Қазақстан тұщы су көздері бойынша тікелей көрші мемлекеттерге тәуелді. Ел ішіндегі үлкен өзендердің барлығы Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдерден бастау алады.
Мемлекет болам десең өзіңе тиісті судың үлесін білуің керек. Сырдариядан, Жайықтан, Еділден, Шу, Таластан қанша алатынымызды білуің керек. Ол үлес мемлекеттің шекарасы сияқты өзгермейді. Ескі су тәртібін өзгертейік дегенді айтып жатыр екен. Оны өзгертейік деген адам Қазақстанды сусыз қалдырайын деген адам. Келісіп отырған үлестен айырылу деген сөз. Өзге мемлекет «сен көбірек ала ғой» демейді. Осыны мемлекет түсіну керек. «Кешегі кеңес үкіметі жасап кеткен» дейді. Ақымақтың сөзі. Судың үлесі мен жердің шекарасы айнымайтын факторлар. Одан аяғымыз тайды ма ел болудан қаламыз. біріншіден, сол су менікі дейтін Қазақстанда арнайы министрлік бүгінге дейін 30 жыл болып қалды, мен министрліктен кеттім, содан кейін жойылған. Су керек емес сияқты. Енді құрылған министрлік дұрыс жұмыс істеуі керек.
Екінші, адал суды арамдап отырмыз. Алған суды рәсуә қылып, қалай болса солай пайдаланып отырмыз. Зауыттар таза суды алады, қалалар таза суды лас қылып шығарады. Таза суды да егістікке жіберіп, судың ысырапшылдығына жол беріліп келеді. Соның салдарынан Қазақстанда су жетпей қиындыққа қалып отыр. Осыны тәртіпке келтіретін министрлікте жақсы мамандар болуы керек.
Үшінші, су мамандары мемлекетке керек, пайда әкеледі. Биыл Алматыдағы Сәтпаев атындағы техникалық университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті су мамандығын оқытуды тоқтатты. Бұл Қазақстанға су керек пе өзі? Мамандарды құртумен елдің келешегіне кедергі келтіріп отыр. Компаниялар бар суды ластап отыр, суды үнемдеу дегенді білмейді. Біз неғылған халықпыз?!, - деді Қыпшақбаев.
Биыл да елдің әр өңіріндегі шаруалар судан тағыда таршылық көрді. Тіптен келісімдегідей қажетті суды уақытында жібермеген көрші мемлекеттер тұрмақ, елдің ішіндегі су қоймаларынан егістікке қажетті көлемде су ала алмай қиналды. Бұл үрдіс жыл сайын қайталанып келеді. Жекелеген шаруалар тұрмақ, мемлекеттің өзі трансшекаралық өзендерден өз үлесін ала алмай отыр.
Елімізде судың мәселесі өте үлкен және ол жуық арада шешілмейді. Орталық Азия судың тапшылығы бойынша тығырыққа тірелді. Су ресурстарының жетіспейтіндігі жиі байқалады. Өзендердің кішірейіп, тартылуы бізде ғана емес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейде де бар. Амудария, Сырдария өзендерінде де су азайды. Суды сақтау бойынша өте шұғыл шаралар қабылдау керек. Көптеген өзендерді буланудан сақтау үшін жабық жүйеге ауыстыру керек болады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына қатысты судың проблемасын да реттеу керек. Арнайы су министрлігін құру керек деп оншақты жылдан бері айтып келдік. Президенттің тапсырмасымен құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі қаншалықты тиімді жұмыс істей алатынын көреміз, бақылаймыз. Өйткені, соңғы жылдары бұл салаға қатысты өте көп мамандарды жоғалтып алдық. Жас мамандар жоқтың қасы және көптеген университеттер маман дайындауды, оқытуды тоқтатты. Судың жетіспеушілігі елдің әр өңіріндегі қалаларда да кездесіп жатыр. Алматы облысында, Солтүстік Қазақстан облыстарында да су қоры жетіспейді. Өйтені, халық саны өсті, ал кезіндегі су жинайтын қор, қоймалар әлі сол қалпы, әрі олар ескірген, - деді эколог Тимур Елеусізов.
Ал сарыбастаулық шаруаларды тығырықтан шығаратын жолдың бірі - Райымбек ауданындағы су қоймасы. Бірақ шағын қойманың қашан іске қосылары белгісіз. Тау суы мен қардың еріген суын жинауға арналған жасанды көлдің салынып жатқанына үш жылдан асып кетті. Қорадағы қойы мен өрістегі сиырына шөп іздеген Молдахметов сынды шаруа қожалықтарың басшылары тығырықтан шығудың жолы ретінде қолдағы малын сатып, санын азайтпақ.