Қызылорда облысында тиісті тапсырмаларды орындамаған Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы аудандарының әкімдері тәртіптік шараға тартылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында орындаушылық тәртіп мәселесі қаралды. Онда Мемлекет басшысы, Премьер-министр және аймақ басшысы берген тапсырмаларды орындау деңгейі төмен басшыларға тәртіптік шара қолданылды.
Биылғы жылдың 8 айында 1180 хаттамалық тапсырма беріліп, 564-де (47,7%) нәтиже шықты. Ал 296-ның (25%) орындалу мерзімі бар. Сондай-ақ, 48 (5%) тапсырма мерзімі өтіп орындалып, 109-ы (9,2%) ішінара жүзеге асса, 154-де (13%) тиісті жұмыс атқарылмаған.
Мәжіліс сайын тапсырмалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуы керектігін айтып келемін. Дегенмен, орындаушылық тәртіпке қатысты бірқатар мәселе бар. Кейбір әкімдер мен басқарма басшылары тарапынан немқұрайлық байқалады. Биылғы 8 айда 82 мәжіліс өткізіліп, 1 180 хаттамалық тапсырма берілген. Мәселен, бір Қызылорда қаласының өзінде облыс әкімінің 60-тан аса тапсырмасы орындалмаған. Қызылорда қаласының әкімдігінен орындаушылық мәселесіне келгенде бейжайлық байқалады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақ басшысы қала әкімінің облыс орталығына жаңа автобустарды әкелу мерзімін кешіктіргенін, инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту жұмыстарын баяу жүргізгенін қатаң сынға алды. Одан бөлек жол құрылысы саласында да, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жұмысында түйткілді мәселе кездеседі.
Ал Арал ауданының жол жағдайын жақсартуға басқа аудандармен салыстырғанда 6 есе артық қаржы бөлінген. Бірақ жұмыстар өз деңгейінде атқарылмаған, қаражаттың мерзімінде әрі сапалы игерілмеу қаупі бар. Тұрғындар аудандық маңызы бар жолдардың басталып, аяқсыз қалғанына наразылық білдіруде.
Дәл осындай түйткіл Қазалы ауданында да қалыптасқан. Жол және әлеуметтік нысандар құрылысының мерзімінен кешіктірілуіне жол берілген.
Берілген тапсырмаларды өз деңгейінде және мерзімінде орындамағаны үшін Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовке сөгіс, қала әкімі Асылбек Шәменов пен Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевқа қатаң сөгіс жарияланды. Облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының басшыларына ескерту берілді.
Дереккөз: ҚазАқпарат