Кеше Мәжілісте «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы таныстырылды. Келер жылғы бюджеттің тапшылығын жабу үшін Үкімет Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге алуды көздеп отыр. ҚазАқпарат алдағы 2024 жылдың бюджеті қандай мақсатта игерілетініне шолу ұсынады.
Әлеуметтік төлемдерді индекстеуге – 5,3 трлн теңге
Ұлттық қордан алынатын 3,6 трлн теңгенің 1,6 триллионы автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғыртуға, «Жайлы мектеп» және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларына жұмсалатыны айтылған.
2024 жылы бюджеттің шығысы 24 трлн теңге шамасында болмақ. Бұл – биылғы көрсеткіштен 1,5 трлн теңгеге көп деген сөз. Шығындардың 40%-дан астамы әлеуметтік салаға бағытталады.
24 трлн теңгенің 5,3 трлн теңгесі базалық зейнетақы мен жәрдемақыны инфляция деңгейіне, ынтымақты зейнетақыны инфляциядан 2% арттырып индекстеуге жұмсалады.
Бала күтіміне берілетін әлеуметтік төлемнің мерзімі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылғандықтан, бұл мақсатқа 2024 жылы 93,3 млрд теңге бөлінбек.
Әйелдердің зейнеткерлік жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалуы да әлеуметтік шығындарға әсер етеді. Нақты айтсақ, қосымша 150 мыңнан астам адамға зейнетақы төлеу үшін 473 млрд теңге қажет.
Экономист Меруерт Махмұтова Ұлттық қордан алынатын трансферттің мөлшері Үкіметтің жұмысы қаншалықты тиімді болып жатқанын білдіретін көрсеткіш екенін айтады.
Кейінгі жылдарда Ұлттық қордан бюджетке аударылатын трансферттердің мөлшері артып келеді. Бұл – Үкіметтің қаншалықты қабілетті екенін көрсететін фактор. Бюджеттің шығысы қайда кетіп жатыр? Одан елге не пайда? Сол жағын қатаң тексеріп, бағалау керек, - дейді ол.
Үшжылдық бюджет жобасында халықтың табысын бюджет есебінен арттыруға 3,5 трлн теңге бағытталатыны айтылған. Нақты айтсақ, 1,5 миллионнан астам адамның жалақысын көтеруге бюджеттен 2,5 трлн теңге бөлінеді. Сондай-ақ, өңірлерде жұмыспен қамту шараларына 724 млрд теңге, «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 100 млрд теңге халық табысын көбейтуге бағытталады. Мемлекеттік және әлеуметтік қолдау шараларына 378 млрд теңге тағы жұмсалады.
Меруерт Махмұтова бұл қаражат халықтың табысын арттыру үшін емес, мемлекеттің халық алдындағы міндетін орындауға жұмсалатынын айтады, яғни бюджеттен ақша бөлу арқылы елдің табысын арттыру мүмкін емес.
Бюджеттен бөлінген қаржы халықтың табысын арттырмайды. Тек мемлекеттік мекемелерде қызмет ететін азаматтардың табысы бюджеттен қаржыландырылады. Әлеуметтік төлемдер сол қарапайым халық, зейнеткерлер, мүгедектер, көп балалы отбасылардың тұрмыс жағдайына әсер етеді. Бірақ, ол төлемдер көзге көрінетіндей көлемде емес, ол қаржыға баланы өсіріп жеткізу мүмкін емес, - дейді ол.
Экономист ең төменгі еңбекақының мөлшері елдегі шынайы жағдайға сәйкес емес екенін де айтты.
Көптеген азаматтың, отбасының тұрмыс жағдайы ең төменгі жалақының деңгейіне байланысты. Біздің экономикада орта деңгейдегі табыс биыл 365 502 теңге болды. Ең төменгі айлық кем дегенде осы шаманың 30%-ына тең, яғни 109 мың теңге болу керек еді, - дейді Меруерт Махмұтова.
Жолдарға – 767 млрд теңге
Көлік саласын дамытуға 2024 жылы 767 млрд теңге көзделіп отыр. Бұл ақшаға 343 шақырым жол жаңғыртылып, 1 100 шақырым жол жөнделмек. Астана мен оған іргелес елді мекендердің өзінде 80 көше абаттандырылып, кеңейтіледі.
Осы астананың жолдарын тұрғындарға қолайлы ету мақсатындағы БАКАД жобасын іске асыруға алынған қарызды өтеу де республикалық бюджетке еніп тұр. Алайда бұл мақсатқа төленетін соманың қанша екені көрсетілмеген.
Сондай-ақ, 50 млрд теңгеге жуық қаражатқа 20 шекара бөлімшесі мен 6 өткізу пункті салынып, 2 әуежай күрделі жөндеуден өтетіні айтылған.
Бұл соманың бір бөлігі 1 600 тұрғын үй салып, 40 мың жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға жұмсалмақ. Оның үстіне, 85 шақырым жылу желісін жаңғырту көзделген. Былтыр Риддер, Екібастұз, Петропавл сияқты қалалардың қыстан қалтырап шыққаны есімізде.
Келер жылы баспана кезегінде тұрған 7 мың адамға пәтер беру жоспарланған. 446 млрд теңгенің бір бөлігі осы мақсатқа жұмсалуы тиіс. Бұдан бөлек, 20 мың азаматтың пәтерақысын ішінара субсидиялауға, 234 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге ақша бөлінеді.
Газдандыру
2024 жылы 82,7 млрд теңгеге газ тасымалдау жүйесінің 34 жобасы іске асырылмақ. Бұл 46 ауылдағы 212 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Республикалық бюджеттен жылу-электр энергетикасы саласындағы 5 жобаны аяқтап, 5 жаңа жобаны қолға алу үшін 33,6 млрд теңге бағытталады.
Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 134 жобаны іске асыруға 50 млрд теңге көзделген. Бұл қаражатты игеру кезінде шекарадағы ауылдардың жағдайын жақсартуға басымдық берілмек. Әсіресе, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, шекарадағы халықты отандық телерадио контентпен қамтамасыз етуге бағытталады.
Осының нәтижесінде ауылдарда жалпы ұзындығы 626 км су, электр, газ, жылу құбыры төселіп, 66 шақырым жол салынады.
Ал облыс орталықтарының әлеуметтік, инженерлік, көлік инфрақұрылымдарын дамытуға 30,3 млрд теңге, моно және шағын қалаларға – 18 млрд теңге, ірі қалалардың маңайын дамытуға – 20 млрд теңге көзделген.
Күш құрылымдарына – 2,6 трлн теңге
2024 жылы күш құрылымдарының шығынына 2,6 трлн теңге бөлінбек.
Бұл ақшаның бір бөлігі Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыруға, тағы бір бөлігі мемлекеттік қорғаныс тапсырысына, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілердің, әскери оқу орындарындағы оқытушылардың айлығын өсіруге бағытталады.
Қалған ақша ішкі істер органдарын қосымша материалдық-техникалық жарақтандыруға жұмсалады.
Үкіметтің борыштарына қызмет көрсетумен байланысты шығыстардың көлемі 2 трлн теңге болмақ. Ал шұғыл шығындарға арналған Үкімет резервінің көлемі 417 млрд теңге болып бекітіледі.
Дереккөз: ҚазАқпарат