Қаржы мониторингі агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті үлескерлерден заңсыз ақша жинады деген күдікпен ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қылмыстық істі тергеу барысында ЖШС-нің лауазымды қызметкерлері 2021-2023 жылдар аралығында үлескерлердің ақшалай қаражат тартуға рұқсаты болмаса да, пәтерлерді ерте кезеңде брондау арқылы азаматтарды үлестік құрылысқа белсенді тартқаны анықталды.
Олар халықтың сенімін асыра пайдаланып, оларды алдау арқылы 606,5 млн теңге сомасында ақша қаражатын иемденген.
Қазіргі уақытта тараптардың қосымша келісімдер жасасуы арқылы пәтерлерді алдын ала брондау шарттары тоқтатылды, құрылыс жұмыстары жүзеге асырылмайды. Сот шешімімен ЖШС-нің құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға лицензияның қолданылуы тоқтатылды.
ЖШС жетекшісіне соттың санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.