21.09.2023, 16:40

«Дикий Арман» мен Қайрат Құдайбергеннің соты жабық түрде өтетін болды

Фото: instagram.com/kudaibergen_kairat / instagram.com/armandzhumageldiev
Басты сот отырысы биылғы жылдың 6 қазанына белгіленген.

21 қыркүйекте Арман Жұмагелдиев пен, Қайрат Құдайберген және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау аяқталды. Бұл туралы Алматы соттарының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Іс бойынша сотталушылардың жалпы саны – 45 адам.

Оларға «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» (ҚК 362-бабы), ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу (ҚК 262-бап), қарақшылық шабуыл (ҚК 191-бап), заңсыз бас бостандығынан айыру (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК 272-бап), бандитизм (ҚК 268-бап) бойынша айыптар тағылды.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыс барысында сотқа процеске қатысушылардан сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту және жою, қылмыстық істі қайтару және тоқтату, жақын туыстарын қорғаушы ретінде тану туралы жүзден астам өтінішхат түскен.

Сондай-ақ іс бойынша 10 жәбірленуші, бір куә және бір сотталушы тарап, сот отырысын жабық түрде өткізуді сұрады.

Олар өз өмірлері мен отбасылары мен жақындарының қауіпсіздігі үшін қауіптенетіндерін білдірді. Бұл өтініштерді сот қанағаттандырды, – делінген хабарламада.

Басты сот отырысы биылғы жылдың 6 қазанына белгіленген.