21.09.2023, 18:20

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 1 млрд теңгенің жобасын тергеп жатыр

Фото: Pixabay
Жобаның қаржысы мемлекеттік сатып алу арқылы аударылған.

Алматы облысында мемлекеттен 1 миллиард теңге жұмсалған геопортал жұмыс істемейтін болып шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық аймақтарында кешенді аймақтық географиялық ақпараттық жүйелер, яғни геопортал құрылып жатыр. Геопорталды Алматы облысында іске асыруға бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Жобаның қаржысы мемлекеттік сатып алу арқылы аударылған.

Шарт бойынша жеткізушілер қала маңындағы Ұзынағаш ауқылы, Қаскелен қаласы, Өтеген батыр ауылы, Талғар, Есік сынды барлығы бес аудан орталығының және Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалаларының геопорталында мәліметтерді орналастыруға міндеттеме алған. Алайда бүгінгі күні бұл портал жұмыс істемейтін болып шықты.

Техникалық ерекшелік талаптарының бірі геопорталда қызмет алудың бизнес процестерін автоматтандыру болды. Бұл – өтінімдерді автоматтандырылған қабылдау, өтініш берушілер кабинеті, басқармалар, қалалық және аудандық сәулет және жер қатынастары бөлімдері қызметкерлерінің, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ МК мамандарының, табиғи монополиялар субъектілері қызметкерлерінің, қалалар мен аудандар әкімдері мен орынбасарларының, Ақпараттық технологиялар басқармасы мен облыс әкімі аппараты қызметкерлерінің және т. б. автоматтандырылған жұмыс орындары. Алайда геопарталды зерделеу кезінде жалпы қолжетімділікте және пайдаланушының жеке кабинетіндегі қызметтер бөлімінде мемлекеттік қызметтер туралы қандай да бір ақпарат жоқ екені анықталды, - деп хабарлады  Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.

Бірақ жұмыс істемейтін жоба үшін қаражат игерілген. Мемлекеттің қыруар қаражатын желге ұшырған тұлғаларға қатысты тергеу басталды.

Бұл ретте әкімдіктің лауазымды тұлғалары тарапынан орындалған жұмыстар актілеріне қол қойылғанын атап өту қажет. Бүгінгі таңда осы материал бойынша IT-мамандар мен картографтарды тарта отырып аудит тағайындалды. Қылмыстық іс қозғалды, - деді департаменттің баспасөз қызметі.