29.09.2023, 22:30

Тоқаев орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құруды ұсынды

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы инвестициялық серіктестікті одан әрі дамытудың перспективасы зор екеніне назар аударды.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия Канцлері Олаф Шольцпен кездесуінде сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Ақорда. 

Қазақстан Президенті жиында ауыл шаруашылығын басым бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы германиялық серіктестердің қолдауымен Қазақстанда Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құруды ұсынды.

Оның айтуынша, аталған орталық теориялық әзірлемелер бойынша тәжірибе алмасуға, сондай-ақ оларды қолданысқа енгізуге және коммерцияландыруға септігін тигізе алар еді.

Мемлекет басшысы инвестициялық серіктестікті одан әрі дамытудың перспективасы зор екеніне назар аударды.

– Германия 30 жылдан астам уақыт ел экономикасының негізгі инвесторларының қатарында келеді. Қазақстан ГФР-мен өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруды көздейді және ESG қағидаттарын сақтай отырып, неміс инвесторлары үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймаққа Германияның ірі банктерін тарту инвестициялық ынтымақтастыққа тың серпін беретінін де атап өтті.

Президент көлік-транзит саласында тиімді ықпалдастық орнату қажет екеніне тоқталды.

– Бүгінде Орталық Азия аймағы жаһандық тасымалдың негізгі бөлігіне айналып келеді. Осы ретте өңір «Солтүстік – Оңтүстік», «Шығыс – Батыс» бағыттары бойынша құрлық көпірі ретінде маңызды рөл атқарады. Әсіресе, Транскаспий бағдарын дамытудың және оны Global Gateway стратегиясымен ұштастырудың маңызы арта түсті. Ортамерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау ағынының көлемі бес есе артар еді. Осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Германиялық серіктестерді Транскаспий бағдары мен Каспий теңізі порттарын дамытуға, сондай-ақ бірлескен кеме өндірісін қолға алуға және логистикалық орталықтар ашу ісіне белсенді атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.