Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша Шымкент қаласы әкімдігі мен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының лауазымды тұлғаларына қатысты істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қала әкімдігінің бақылауындағы қосалқы мердігерлермен және лауазымды тұлғалармен бір топ адамдармен бірлесе отырып, жұмыс пен тауарлардың құнын жоғарылатып, жылу желілері мен электр желілерін ағымдағы жөндеуге бөлінген 1,1 млрд теңге сомада бюджет қаражатын ұрлау жолымен қалалық коммуналдық кәсіпорнының басшылығы қылмыс жасады деп күдіктелуде, - делінген агенттік хабарламасында.
Күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды.
Шенеуніктер заңсыз жолмен тапқан ақшаны пайдаланып, Астанадағы элиталық тұрғын үй кешендерінен құны 150 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік сатып алған. Тергеу сотының санкциясымен барлық мүлікке тыйым салынды, - делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат таратуға жатпайды.