$ 449.88  486.64  4.83

Тоқаев Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосу рәсіміне қатысты

Салтанатты шараға Мемлекет басшысымен қатар Ресей Президенті Владимир Путин және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырымен Ресейдің табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосу рәсімі өтті. 

Салтанатты шараға Мемлекет басшысымен қатар Ресей Президенті Владимир Путин және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл тарихи оқиға Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның энергетика саласындағы стратегиялық ынтымақтастығын мүлде жаңа деңгейге көтеретінін және елдер арасындағы тату көршілік қатынастар жылнамасының тағы бір жарқын бетін ашатынын атап өтті.

Газ саласы мемлекеттеріміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуында зор рөл атқарады деуге болады. Сондықтан бұл жоба барлық қатысушы тараптың мүддесіне сай келеді. Қазақстан өз аумағында магистральді газ құбырын дайындауды уақтылы және толық аяқтады. Жоба Ресей газының экспортқа шығу бағыттарын әртараптандырып, Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға септігін тигізеді. Сондай-ақ Өзбекстанның жылына 3 миллиард текше метрге дейін жететін және жылдан-жылға артып келе жатқан табиғи газға деген қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол елдеріміздің өнеркәсібін дамытуға, бизнес-ахуалды жақсартуға, азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруға тың серпін береді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының пікірінше, жоба Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен энергетикалық қауіпсіздікті нығайту ісінде елеулі рөл атқарады.

Жылына 255 миллиард текше метрге дейін газ тасымалдай алатын магистральді газ құбырының 20 мың шақырымнан астам бөлігі еліміздің аумағы арқылы өтеді. Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін толық пайдалануға мүдделі және Ресей газын тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайтуға дайын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында маңызды трансұлттық жобаны ілгерілетуге қосқан жеке үлесі үшін Владимир Путинге, сондай-ақ жан-жақты қолдау көрсеткен Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның газ саласындағы мамандарының бірлескен жұмысты кәсіби деңгейде әрі аса зор жауапкершілікпен атқарғанын атап өтті.

Сонымен қатар шарада Владимир Путин мен Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Телекөпір барысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Атырау облысындағы «Мақат» компрессор станциясынан байланысқа шығып, «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының қазақстандық бөлігі дайын екенін баяндады.

Өзбекстандағы «Қарақалпақия» газ өлшеу станциясынан, Саратов облысындағы «Александров Гай» компрессор станциясы мен Санкт-Петербургтегі Лахта-Центрден өзбекстандық және ресейлік газ саласының мамандары бір мезгілде онлайн байланысқа шығып, дайындық жұмыстарының аяқталғаны жөнінде хабарлады.

Содан кейін үш елдің басшылары Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосуға рұқсат берді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Ресей газын еліміздің аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына тасымалдау жобасын іске қосу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөз жүргізді.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екі елдің стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен қатынастарды одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ сауда-экономика, энергетика, көлік-логистика және басқа да салалардағы ықпалдастықты жалғастыру маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырлар бойы достық пен тату көршілік қатынастарға негізделген Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстар қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

Мемлекеттеріміздің ынтымақтастығы көпжақты сипатта табысты дамып келеді. Елдеріміз арасындағы ықпалдастық, ең алдымен, түрлі саладағы стратегиялық және одақтастық қатынастарға негізделген. Бүгін біз ірі жобаны іске қосу рәсіміне қатыстық. Шын мәнінде, бұл цифр тұрғысынан айтарлықтай үлкен болмаса да, қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Әрине, мұның символдық мәні келешекте де зор болады, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Владимир Путин жоғары деңгейдегі екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту қажет екеніне назар аударды.

Сіздің Мәскеуге жасаған сапарыңыз – айтулы оқиға. Арнайы келгеніңіз, сондай-ақ бүгін таныстырылған жобаны бірге іске асырғанымыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Әрине, бұл бастамасы ғана деп ойлаймын. Әйтсе де, жалпы аймақтың энергетика саласындағы ынтымақтастығына бағытталған алғашқы әрі аса маңызды қадам. Бірлесе атқаратын жұмыс көп. Барлық бағыт бойынша қатынастарымыз жақсы дамуда. Бұл үшін Сізге алғыс айтқым келеді, – деді Ресей Президенті.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді туған күнімен құттықтап, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігін және Еуразия кеңістігіндегі көпжақты интеграциялық байланыстарды кеңейтуге қосқан жеке үлесін атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары