10.10.2023, 14:20

Жер сілкінісі: Қазақстандық құтқарушылар Ауғанстанға аттанды

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Барлығы 45 адам жолға шыққан.

Қазақстан ТЖМ құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Ауғанстанға жіберілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

ТЖМ баспасөз қызметі құтқарушылар Ауғанстанға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырманы орындау үшін аттанып кеткенін мәлім етті. Барлығы 45 адам жолға шыққан. Олардың арасында Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, кинологиялық есеп тобы, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен фельдшерлері бар.

Оқи отырыңыз: Ауғанстанда жойқын жер сілкінісі болды: 120 адам қаза тапты

Бұл құтқару операцияларында көпжылғы тәжірибесі бар білікті мамандар. Бірқатар құтқарушылар мен медицина қызметкерлері биылғы жылы Түркиядағы жойқын жер сілкінісі салдарын жоюға қатысқан, - деп мәлім етті ТЖМ баспасөз қызметі.

Топ қажетті жабдықтармен жабдықталған. Топты ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ұларбек Әбікеев басқарады.