Танымал волейболшы Сабина Алтынбекованың ақылы шеберлік сағаттарын жүргізетіні белгілі болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде осы мақсатта ақысын төлеп, бірақ спортшының бет-жүзін сол күйі көрмеген бір топ адамның cан соғып қалғаны, ақшасын да қайтара алмай жүргені, ақыры зардап шеккендер алаяқтық фактісі бойынша полицияға арызданғаны туралы ақпарат пайда болды, деп жазды Zakon.kz.
Кейбір деректерде спортшының онлайн-курсы адамдарға ұнамағаны айтылады, яғни ақысына татымайтын көрінеді.
Ұйымдастырылған тәлімгерлік курс үшін әрбір адам Сабина Алтынбековаға 290 мың теңгеден төлеген. Кейбіреулер төлемді бөліп төлеуге рұқсат алған.
Полиция аталған фактіні растады, алайда бұл арада бір топ адам емес, тек бір адамнан арыз түскенін жеткізді.
Алматы қаласының полиция департаменті аталған факт бойынша Р. деген азаматтан Түрксіб ауданының полиция басқармасына 2023 жылдың 6 қазанында арыз келіп түскенін хабарлайды.
ҚР ҚІЖК-нің 179-бабына сәйкес, тараптар арасында шарттық қатынастардың болуын ескере отырып, азамат Р-ға талап қою арқылы азаматтық-құқықтық тәртіпте сотқа жүгіну ұсынылды, - деп мәлімдеді Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі.