13.10.2023, 05:30

Хамзат Чимаев UFC-дің бұрынғы чемпионымен жекпе-жекке шығады

Фото: fighttime.ru
Турнир 21 қазан күні Абу-Дабиде өтеді.

Швециялық файтер Хамзат Чимаев Әбу-Дабиде өтетін UFC 294 турнирінде жартылай орта салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпион - америкалық Камару Усманмен кездеседі. Жекпе-жек орта салмақ дәрежесінде өтеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Чимаев аталған турнирде Пауло Костамен жұдырықтасу керек болған. Бірақ бразилиялық файтер жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартты.

Камару Усман мен Хамзат Чимаев арасындағы жекпе-жек UFC 294 турнирінің екінші негізгі кездесуі болады.

Ал кештің басты жекпе-жегінде Ислам Махачев пен Александр Волкановски чемпиондық белдікті сарапқа салады.

36 жастағы Камару Усман ММА спортында октагонға 23 рет шығып, 20 рет жеңіп, 3 мәрте жеңілген. Ал Чимаев 12 жекпе-жекте 12 рет жеңіске жетті.

UFC 294 турнирі 21 қазан күні Абу-Дабиде өтеді.