12.10.2023, 16:00

«Халық жазушыларына» ақша берілетін болды

Фото: pixabay.com
Қаламгерлер мемлекеттік мекемеде жұмыс істесе, онда тиісті үстемақы төленеді.

«Қазақстанның халық жазушысы» атағын қайтаратын заң мақұлданды. Бұдан былай «Халық жазушысы» атағын алғандарға 17 954 теңгеден берілмек, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда журналистерге берген сұхбатында «Халық жазушысы» атағын алған қаламгерлерге тиісті үстемақы қарастырылғанын айтты.

Оның сөзінше,  мемлекеттік мекемелерде қызмет етіп жүрген «Қазақстанның халық жазушыларына» бұл атақ Республика күні қарсаңында беріледі.

Қазақстанның халық жазушысы» атағы – еліміздің әдебиетін дамытуға ерекше үлес қосқан, бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» және әдебиет саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған тұлғаларға беріледі. Сондай-ақ ұлт әдебиетін жаңа деңгейге көтерген, әдеби шығармашылық ортаның ең жоғарғы сыйлығын алады, - деді А.Жүдебаев.

Вице-министрдің айтуынша, бұл қаражат тек мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеп жүрген жазушыларға беріледі.

«Халық жазушысы» атағы – әдебиет саласындағы ең жоғары атақ. Үкіметтің тиісті қаулысы бар. Бұл тұрғыда ол кісілер мемлекеттік мекемеде жұмыс істесе, онда тиісті үстемақы төленеді. Ал жұмыс істемесе төлем жасалмайды. Жалпы, бұл ретте ешқандай қаржылық есетеулер қарастырылмаған. Бұл кісілер Мәдениет және ақпарат министрлігінің тиісті мемлекеттік мекемелерінде қызмет етсе, 17 954 теңге сомасындағы үстемақыны алады, - деді вице-министр.