13.10.2023, 16:00

Астана тұрғыны балабақшаға жолдама алу үшін хакерлерді жалдаған

Фото: pixabay.com

Оларға ақпараттық жүйенің жеке кабинетінен есеп деректерін берген.

Астана қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты елордалықтың балабақшаға кезегін қалпына келтіру туралы талабы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, талапкер портал арқылы балабақшаға жолдама алмақ болған. Бірақ оның жеке кабинеті бұғатталып қалған. Қала тұрғыны жауапкерден бұғатталған жеке кабинетін ашуға және балабақшаға кезекті қалпына келтіруге міндеттеу туралы талап қойып, сотқа жүгінді. 

Талапкер мемлекеттік қызмет көрсету және келісімшарт қағидаларын бұзып, мектепке дейінгі ұйымға жолдама алу үшін үшінші тұлғалар қызметтерін пайдаланып, оларға ақпараттық жүйенің жеке кабинетінен есеп деректерін берген. Сот отырысында талапкер өзінің жеке кабинетінің есептік деректерін үшінші тұлғаларға беру фактісін жоққа шығармады. Ұсынылған электрондық құжаттамадан талапкердің мүддесі үшін мектепке дейінгі ұйымға жолдама алу үшін интернет-порталға хакерлік шабуыл қолдана отырып, үшінші тұлғалардың іс-әрекеттері жүзеге асырылғаны анықталды, - делінген сот хабарламасында.

Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен С.-ның талабы қанағаттандырылмады.

Бүгінде сот шешімі заңды күшіне енді.