Бүгін Мәжіліс Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заң жобасы аясында халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту көзделіп отыр. Ол үшін жеке тұлғалардың берешегі микроқаржылық ұйымдармен, коллекторлық агенттіктермен кешірілген кезде қалыптасатын кірістері салық салудан босатылмақ.
Сонымен қатар жеке тұлғалардың проблемалық микрокредиттері есептен шығарылуына байланысты микроқаржы ұйымдарының кірістерін салықтан уақытша (үш жылға) және балаларға Ұлттық қор табысынан аударылатын нысаналы жинақтарды салықтан босату қарастырылды.
Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік бажды төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда оны бір жылға дейін кейінге қалдыра алады. Ол үшін төлеуге мүмкіндігі болмау себептерін көрсете отырып сотқа талап арыз жазуы қажет.
Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың (АЭА) қатысушылары мен басқарушы компанияларына олардың жобаларының құнына қарай салық жеңілдіктерін берудің сараланған тәсілі енгізіледі.
Кодексте басқа да түзетулер қарастырылған.