$ 443.37  474.49  4.83

«57 853 теңгеге өмір сүру мүмкін емес»: Депутат ең төменгі зейнетақыны көтеруді ұсынды (ВИДЕО)

Біздің елде зейнеткердің ең төменгі зейнетақысы дәрі-дәрмек пен дұрыс демалуды айтпағанда, тамағына әрең жетеді.
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

«Аманат» фракциясының мүшесі Әділ Жұбанов зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Мәжілісмен премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, зейнеткерлерге лайықты әрі жақсы зейнетақы төлеу керектігін жеткізді.

Оның айтуынша, Қазақстанда 30 жыл ішінде әлеуметтік сала бойынша шешімін таппаған ең басты мәселе  – халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі болып отыр.

Шын мәнінде, 30 жылда ең төменгі жалақы мен зейнетақыны місе тұтып келеміз. Бұл халықтың қарызға кіріп, несиенің құрығына түсуге итермелейді. Мемлекет белгілеген ең төменгі зейнетақы мөлшерi – 57 853 теңгеге өмір сүру мүмкін емес. Өздеріңіз көріп отырғандай, Қазақстанға зейнетақы жүйесін қайта жаңғырту керек. Бұл ретте ең аз зейнетақы алатын зейнеткерлердің зейнетақысын көбейтудің маңызы зор. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіру қажет. Зейнетақы жүйесіндегі тиімді өзгерістер – зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайының, өмір сүру сапасының азда болса артуының бірден-бір көрсеткіші. Біздің елде зейнеткердің ең төменгі зейнетақысы дәрі-дәрмек пен дұрыс демалуды айтпағанда, тамағына әрең жетеді, – деді Ә.Жұбанов. 

Депутат, биыл ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге көтерілсе, келесі жылы 85 мың теңгеге дейін жеткізу міндеті қойылғанын еске сала отырып, Әділ Жұбанов зейнетақының ең төменгі мөлшерлемесін ең төменгі жалақымен теңестіру – Үкімет алдындағы кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі болуы қажет деп есептейді. 

Ол тіпті халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігіне осындай жағдайға тап болғанына билікті кінәлады. Сөзінің соңында мәжілісмен жаңа зейнетақы реформасын әзірлеп, ең төменгі зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіруді ұсынды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары