Елорда тұрғыны алаяқтың құрбаны атанғанын сезбестен, туысының түрмеден шығуын үш жыл күткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Елордалық полиция департаменті баспасөз қызметінің 23 қазанда хабарлауынша, астаналық тұрғынның жақын туысы түрмеге түскен. Оны түрмеден босатамын деп үміттенген әйел көмек сұрап танысына жүгінген. Танысы түрмедегі адамды мерзімінен бұрын босатуға көмектесе алатынын айтқан.
Астаналық әйел құрбысына 3 миллион 370 мың теңге берген. Алайда ол туысының босатылуын үш жылдан астам уақыт күткен. Жақында ғана ол полицияға хабарласып, алданып қалғанын айтқан.
Полицейлер күдікті 37 жастағы әйелді ұстады. Оған қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 190-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.