Елімізде ЖОО оқытушыларының жалақысы көтеріледі. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында республикалық бюджет жобасына ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеруге қатысты түзету енгізгенін жазды.
Оның хабарлауынша, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті университет оқытушыларының жалақысын көтеру бойынша республикалық бюджеттің жобасына арнайы түзетулерді ұсынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЖОО-лардың профессор оқытушылық құрамының жалақысын көтеру бойынша Үкіметке бірнеше рет тапсырма беріп еді.
Оқытушыларлың жалақысын арттыру үшін, бюджеттен әр грантқа бөлінетін қаражат көлемін көбейту керек. Сондықтан түзетулерімізге байланысты Комитеттің депутаттары магистратурада оқу бойынша бюджеттен университеттерге төленетін гранттың құнын еселеп көбейтуді, ал бакалавриаттың соммасын тиісті пайызға өсіру бойынша қаражат бөлу туралы нақты ұсынысты заң жобасына берді, - деді А.Аймағамбетов.
Ал аталған шешімдер бойынша соңғы нүкте Мәжілістің жалпы отырысында қойылады.