Жаңа емдеу мекемесінде жылына 6 мың науқасқа қызмет көрсетеді.
Келесі жылы Астанада заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық (ҰҒОО) ашылады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жаңа орталық – бюджеттік инвестициялық жоба, оны жүзеге асыру үшін Швейцарияның және АҚШ-тың халықаралық жетекші компаниялары тартылған.
Бүгінде құрылыс жұмыстары 90%-ға орындалды, атап айтқанда, сәулелік және ядролық медицина орталықтары, протондық терапия орталығы, әкімшілік және техникалық блоктары бар 210 төсек-орындық емдеу-диагностикалық корпус салынды.
Сонымен қатар су, жылу және электрмен қамтамасыз ету қалалық инженерлік желілерге қосылып, кабинеттер мен палаталарды әрлеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта медициналық жабдықтарды жеткізу, іске қосу-жөндеу және сынақтан өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жылына 6 мың науқасқа қызмет көрсететін жаңа емдеу мекемесінде радионуклидті диагностика, радиофармацевтикалық препараттар шығару және радионуклидтік терапия жүргізу жоспарланған. Бұл ретте мекемеде посткеңестік кеңістіктегі алғашқы протон орталығы жұмыс істей бастайды. Орталықта жылына 800-1000 науқас ем алады.
Жаңа медициналық орталықты аралау барысында Премьер-Министр елімізде жыл сайын 37 мыңнан астам қатерлі ісік ауруы тіркеліп, 13 мыңнан астам адам қайтыс болатынын атап өтті.
«Жағдайды жақсарту үшін біз Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құрып жатырмыз. Бұл – күрделі нысан. Оның халықаралық стандарттарға сай болуы үшін құрылысқа тиісті тәжірибесі бар халықаралық компания тартылды», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы денсаулық сақтау министрлігіне бас мердігермен бірлесіп, 2024 жылдың 1 тамызына дейін протонды терапия орталығын іске қоса отырып, нысанды пайдалануға беруді тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы қазан айының басында Әлихан Смайылов Үкіметтің 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды бекіту туралы қаулысына қол қойған болатын.