$ 494.87  520.65  4.91

Сауд Арабиясына барған Ұлттық құраманың палуандары жеңіспен оралды

Қазақстан делегациясы 5 алтын, 10 күміс, 13 қола медальмен жалпы есепте 7-орында тұр.

Фото: туризм және спорт министрлігі
Фото: туризм және спорт министрлігі

Ар-Риядта өтіп жатқан V Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарының кезекті жарыс күні мәресіне жетті. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі хабарлады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бүгін ұлттық спорт түрлерінен бірқатар жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Бұл қатарда қазақ күресі де бар. Алғаш рет жауынгерлік өнер ойындарының бағдарламасына еніп, 5 салмақта мықтылар анықталды. Оның үшеуі ерлер, екеуі әйелдер арасында.

Сауд Арабиясына барған Ұлттық құраманың барлық палуаны жүлде жеңіп алды.

Жұмажан Қожамбеков (75 кг), Мәди Амангелді (85 кг) мен Роза Нысантайқызы (70 кг) өз салмағында қасылас шақ келтірген жоқ. Ақтық айқаста белдескен Нұр Аманшүкіров (65 кг) өзбекстандық спортшыға есе жіберді.

Ал жартылай финалда жеңілген Рауза Нұрмұхамбетова (60 кг) қола медаль үшін айқаста қарсыласынан басым түсті.

Биыл ұлттық спортымыз алғаш жауынгерлік өнер ойындарының бағдарламасына кірді. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 1-орын алса, Өзбекстан мен Қырғызстан үздік үштікті түйіндеді. 

«Осы жеңісімді Республика күніне арнаймын. Жарысқа келер болсақ, өте қарқынды өтті. Әр салмақта мықты палуандар жиналды. Ең қиыны финал болды. Қарсыласым тәжікстандық спортшы былтыр Астанадағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алған. Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған. Жақсы күресіп шықты»,-деп айтты Мәди Амангелді

Жалпы қазақ күресінен мұнда 14 мемлекеттен 40 палуан жиналды. Олар: Италия, Әзірбайжан, Польша, Моңғолия, Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркменстан, Иран, Сербия, Үндістан, Нидерланд Корольдігі, Қазақстан.
«Қазақ күресімен былтырдан бастап шұғылданамын. Италиядағы қазақ күресі қауымдастығының президенті Витторио Джорджи мырзаның арқасында мені Астанадағы әлем чемпионатына қатысуға шақырды. Сол кезде қола медаль жеңіп алып, Италия ұлттық құрамасы сапына қосылдым, әрі Сауд Арабиясындағы осы ойындардың жолдамасына иелік еттім. Бұл мен үшін зор мәртебе. Осындай мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға ризашылығымды жеткізгім келеді. Қазір жаттығудан кейін шәкірттерімді де осы спортқа баулып жүрмін»,-деді әйелдер арасында 70 кг дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанған Мариасоль Моменте.

Сондай-ақ белбеу күресінде де Қазақстан спортшыларына 2 қола жүлде бұйырды. Жартылай финалда сүрінген Нұрсұлтан Өтепбергенұлы (80 кг) мен Назерке Әбілтаева (55 кг) өз салмағында үздік үштікті түйіндеді.

Қазір Қазақстан делегациясы 5 алтын, 10 күміс, 13 қола медальмен жалпы есепте 7-орында. Көш басындағы Украина өз басымдығын тағы арттыра түсті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары