Костенко шахтасында соңғы рет 2018-ші жылы апат болған.
Осы уақытта Костенко шахтасында өндірістік қауіпсіздік департаменті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқан екен. Былтыр бұл кен орнында 200-ге жуық кемшілік анықталған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазір барлық күш шахтадан шыға алмай қалған кеншілерді іздеуге жұмылдырылды. Позициялау жүйесі болмағандықтан олардың нақты қай жерде екені белгісіз. Әзірге шамамен болжап отыр. Апат 700 метр тереңдікте болған. Мамандардың айтуынша, алдымен өрт тұтанып, 8 минуттан кейін жойқын жарылыс болған. Жалын 2 шақырым жерге жайылған, деп жазды Хабар 24.
Жарылыстың қатты болғаны сонша тіпті телекоммуникациялар істен шыққан. Жарылыс толқыны тек сол жердегі лаваға емес, К-2 деп аталатын көршілес лаваға да жеткен. Жоғалғандардың қай жерде екенін шамамен білеміз. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Геннадий Силинский, кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі ҚОФ директоры.
Костенко шахтасында соңғы рет 2018-ші жылы апат болған. Ол кезде де өрт шықты. Бірақ адам өлімі болмады. ТЖ министрі кен орнында тексеру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Былтырғы тексеріс кезінде біз осы жерден 212 тармақ бойынша талаптың орындалмағанын тапқан едік. Оның басым көбі жойылған. Жойылмаған тұстар апатқа себеп болды ма деген күдік бар. Бірақ оны сараптама мен мемлекеттік комиссия анықтайтын болады. Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі.
Қазір 23 науқас ауруханада жатыр. Көбінің жағдайы тұрақты. Мамандар кеншілердің өміріне қауіп жоқ дейді.
Жағдайлары бір қалыпты. Оның біреуі жансақтау бөіліміне келіп түсті. Сонда ем, диагностикасын жасадық. Қалғаны токсикология бөлімінде жатыр. Астанадан екі дәрігер келіп, кеңестерін беріп, консилиум өтті. Жасұлан Хасенов, Мақажанов атындағы көп бейінді аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі.
Кен орнында 1400 адам жұмыс істеген. Металлургиялық комбинатқа қарасты барлық 8 шахта уақытша жұмысын тоқтатты. Мамандар шахталарда газдың бар-жоғын тексеріп шығады.