30.10.2023, 01:30

Мемлекеттің қорғаныс қабілеті қайтсе күшейеді?

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтың айтуынша, министрлік әскери қорғаныстан бөлек, заманға сай технологияларды ұтымды пайдалануға көшкен.

 

 

Қорғаныс саласын нығайту – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бүгінде елдің қорғаныс саласын күшейту үшін ақпараттық технологиялардың берер мүмкіндігі зор. Бұл ретте, ҚР Қорғаныс министрлігі қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескеріп, түрлі зерттеулер мен заманауи мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға бетбұрған. Мәселен, Қорғаныс министрлігі Қазақстанның ұшқышсыз басқарылатын аппараттары мен шағын авиациясын дамыту аясында біршама істерді қолға алды.

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтың айтуынша, министрлік әскери қорғаныстан бөлек, заманға сай технологияларды ұтымды пайдалануға көшкен.

Еліміздің әскери доктринасында ақпараттық қорғаныстың әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі әсер етуі мүмкін факторларға жатқызылғанын естен шығаруға болмайды. Бүгінгі таңда ақпараттық кеңістік қорғаныс пен «желідегі шабуылдың» негізгі алаңына айналды. Сондықтан мемлекеттік қорғаныс саласын күшейтуді заманаиу технологяиларды күшейтуден бастаған жөн.

Мысалы, Defence Tech – қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы идеялар мен технологияларды іздеумен белсенді түрде айналысып келеді. Болашаққа қажетті жобалар төңірегінде білім алу, қаржылық және әкімшілік қолдау алу үшін барын салуда.

Келешекте осындай жобаларды гранттық және инвестициялық қаржыландыруды ұсыну бойынша бірыңғай жүйе құру  жоспарланған. Ол үшін қорғаныс ведомствосы барлық деңгейдегі мүдделі тараптармен ынтымақтастықты дамытуға сақадай сай.

Еліміздің қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы отандық инновациялық әзірлемелері іске қосылған. Үш өлшемді «Геотактика» жаттықтыру кешені артиллеристердің, танкистердің және ұшқыштардың қару-жарақты басқаруға және тактикалық машықты меңгеруіне арналған. Бұл жаттықтырғыш снарядтың аэродинамикалық процестерінен бастап нысанды реттеп көздеуге дейін толық оқу циклін аяқтауға мүмкіндік береді.

Beren антидрон зеңбірегі сәуленің көмегімен барлық дрондық жүйелерді өшіріп, оны басқарылмайтын ете алады. Бұл құрылғыда шетелдің осындай антидрондарымен салыстырғандағы әсер ету жиілігі едәуір ауқымды.

Панельді сессияны ұйымдастыру қатысушыларға тәжірибе алмасуға, қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы инновациялық жобаларды дамытуға және олардың қолдауға қажетті жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.

Бұдан бөлек, Қазақстанның қорғаныс саласын нығайтуда әскери оқу-жаттығулар, дайындықтар, әскери қару-жарақтардың жеткіліктің болуы аса маңызды.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайыновтың сөзінше, соңғы жылдары әлемде болып жатқан түрлі қақтығыстар мен соғыстарға жасалған талдаулар ұрыс қимылдарын жүргізудің өзгергенін айғақтайды. Сондықтан мемлекет әрдайым қорғаныс саласын күшейтуге көп көңіл бөлу керек.

Қазіргі заманғы әскери қақтығыстарды ескере отырып, жедел даярлау іс-шараларының қарқындылығын, сондай-ақ штабтар шешетін міндеттердің деңгейін арттыру қажет, – деді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Бұл ретте, басқару органдарының жауынгерлік жұмысының нәтижелеріне талдау жүргізіп, оқу-жаттығу барысында анықталған проблемаларды шешудің әдіс-тәсілдерін айқындап отыру маңызды. Әрине, әскерлерді дайындау, олардың кез келген сын-қатерге төтеп беруге дайын болуына жағдай жасау да айрықша маңызға ие.

Әлбетте, «қауіпсіздік» термині бүгінде киберкеңістік пен ақпараттық технологиялардан бастап табиғи ресурстар мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық үшін күреске дейінгі көптеген өмірлік салаларды қамтиды.