$ 494.87  520.65  4.91

Екібастұз тұрғындары тағы да жылусыз қалуы мүмкін

Тұрғын үйлердің жылусыз қалуының бір себебі – қызмет көрсететін ұйымдардың жоқтығы.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Екібастұз қаласының тұрғындары тағы да жылусыз қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат Информбюро жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап. 

20 көпқабатты үйдің тұрғындары бір ай бұрын облыста жылу беру маусымы басталғанымен, жылусыз отыр. Тұрғындар былтырғы жағдай тағы да қайталана ма деп қауіптенеді.

Естеріңізде болса, өткен қыста қалада жылу желілеріндегі апат болып, тұрғындар қыстың құрсауында жылусыз қалған. Екібастұздықтардың былтырдан бері қорқатыны да осы. Тұрғындар бір айға жуық пәтерлерінде жылусыз отыр. Қыста не болады деп алаңдайды. 

Өткен қыстан жылу апараттарын қосып, қабат-қабат киім киіп аман шыққан еді. Жылу электр станциялары мен тұрғын үйлердегі апаттарды жою жұмыстары бір жылға жуық уақыт бойы жүргізіліп, әлі де жалғасуда. Бірақ әкімдіктегілер қалада 100 пайыз ыстық сумен қамтамасыз етілгенін айтты. 

Ал бірқатар тұрғын үйлердің жылусыз қалуының бір себебі – қызмет көрсететін ұйымдардың жоқтығы және қажетті жұмыстарды толық орындамайтын тұрғындардың үйлерді өз бетінше күтіп ұстауы.

Бүгін біз Энергетиков көшесіндегі тұрғын үйге бардық, онда кері құбырдағы клапан жабылып, су жылытқышқа кіретін шүмектің біркелкі орнатылмағаны жалпы тұрғын үйдегі гидравликалық жағдайды бұзғаны анықталды, – дейді Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов.

Жергілікті билік мұның себебін іздеп жатқанда, халық жылытқыштарын қайтадан шығарып алған. 

Естеріңізге сала кетейік, былтыр 27 қарашада қалалық жылу электр орталығындағы апат салдарынан Екібастұз жылусыз және ыстық сусыз қалған болатын. Ол кезде сыртта минус 30 градус болды. Адамдар ұзақ уақыт суықта отыруға мәжбүр болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары