Жарыстың соңғы күні жастар арасында 25 салмақ (13 ұл, 12 қыз) бойынша жеңімпаздар анықталды.
Астана қаласында бокстан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Жарыстың соңғы күні жастар арасында 25 салмақ (13 ұл, 12 қыз) бойынша жеңімпаздар анықталды, деп жазады Kazinform.
Қазақстан құрамасы 9 алтын, 3 күміс, 8 қоламен жалпы кестеде көш бастаса, Өзбекстан (8 алтын, 8 күміс, 4 қола) екінші, Үндістан (6 алтын, 8 күміс, 6 қола) үшінші орыннан көрінді.
Жас жігіттер арасында финалда бірінші болып шаршы алаңға шыққан Бексұлтан Боранбек (48 кг) жапониялық Сея Накаямаға 0:5 есебімен есе жіберді.
Есесіне Бақтияр Анарбаев (60 кг) өзбекстандық Саят Илясовті төрешілердің бірауыздан шешімімен ұтты.
Төрехан Сабырхан 63,5 келіге дейінгі салмақта үндістандық Сингх Яшвардханды айқын жеңді – 5:0. Әлем чемпионы Махмұд Сабырханның інісі осымен екінші рет жастар арасында Азия чемпионы атанды.
Ислам Советов (71 кг) қырғызстандық Вадим Бауринді (5:0) сүріндірсе, Дәулет Төлемісовтің (80 кг) өзбекстандық Жавохир Умматалиевке шамасы келмеді.
Сондай-ақ Виктор Литвинов (86 кг) тағы бір өзбекстандық Абдулазиз Абдурахмановтан айласын асыра алмады.
Ең соңғы бәсекеде Иван Ермоленко (+92 кг) өзбекстандық Шахзод Полвоновпен айқаста жеңіс нүктесін қойды.
Жарыс жеңімпаз-жүлдегерлері Халықаралық бокс федерациясы тарапынан (1-орын – 1000$, 2-орын – 500$, 3-орын – 250$) ақшалай сыйақымен марапатталды.
Қазақстан бокс федерациясынан мәлім еткеніндей, 12 күнге созылған турнирдің қорытындысында арнайы аталымдар бойынша мынадай жүлделер берілді:
Ең үздік жасөспірім қыз боксшы – Аяжан Сыдық (Қазақстан),
Ең үздік жасөспірім ұл боксшы – Фужуки Юга (Жапония),
Ең үздік жас қыз боксшы – Олтиной Сотимбоева (Өзбекстан),
Ең үздік жас ұл боксшы – Төрехан Сабырхан (Қазақстан).
Ең үздік төреші – Мариф Урдешев (Өзбекстан), Мария Каваклиева (Болгария).