Олар ауыл оқушыларына арналған "IQanat" олимпиадасына бара жатқан.
Арқалық – Торғай автокөлік жолында мектеп оқушылары мінген "Газель" автокөлігі жанып кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ішіндегі балалардың бәрі дін аман. Көлік түтіндей бастағанда-ақ жүргізуші мен мұғалім шәкірттерді түгелдей сыртқа шығарып үлгерген, деп жазды Inbusiness.kz.
Бүгін сағат 09:00-де Арқалық – Торғай автокөлік жолының бойында, Мирный ауылынан 15 шақырым жерде "Газ 322131-288" көлігі өртенді деген хабар түсті. 66 оқушы, 3 волонтер, 6 мұғалім, 1 медицина қызметкері, 1 инспектор мінген төрт көлік ауыл оқушыларына арналған "IQanat" олимпиадасына бара жатқан, - делінген ТЖД таратқан мәліметте.
Дұрыс әрі шұғыл шешім қабылдай білген жүргізуші мен мұғалімдердің жедел қимылының нәтижесінде 14 оқушы жанып жатқан "Газельден" дер кезінде эвакуацияланып, лекке ілесіп келе жатқан 3 автокөлікке отырғызылған.
Балалардың өмірі мен денсаулығына еш қауіп төнген жоқ. Өрт сағат 10-нан 25 минут кеткенде сөндірілді.