Өнер иесі жұлдыз ауруына шалдыққанын да жасырмады.
Қазақ эстрадасында Kalifarniya лақап атымен танымал Фархат Қали “Қызық live” бағдарламасында алғаш рет әйелі туралы ашық айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Осы жылдың шілде айында шаңырақ көтерген әнші отбасылық өмірдегі қиындықтарымен де бөлісті.
Анелямен алты ай қыз-жігіт болып жүрдік. Әндеріме би қойылымын қояды. КВН ойыншысы болған. Ешкімге жария етпей, “жасырын” жүрдік. Бос сөзге қалғымыз келмеді. TikTok желісіне видео түсіру бізді одан сайын жақын танысуға мүмкіндік берді, – деп еске алды әнші.
Өнер иесінің алғаш жаздырған “Qar” әні көрерменге кеңінен таралып, хитке айналған тұста жұлдыз ауруына шалдыққанын жасырмады.
Анелямен алғаш танысқан күндері “Qar” әні хит болды. Көрерменнің ерекше ықыласы адамның ойын бұзады екен. Жұлдыз болып ұзақ уақыт хабарласпай қалған кезім де болған. Шақырту мен гастролдік сапар өте көп болды. Сол кезде мен үшін алаңдап, үнемі тілекші болып отыратын, – дейді күйеу жігіт.
Болашақ жарының шын ниетін сезген әнші үйленуге бірден ұсыныс жасаған.
Осы қызға үйленемін деген нақты ойдың келгені де есімде. Бір күні достарым мейрамхана ашып, қонаққа барғанда Анеля да жүр екен. Адамдарға көмектесіп, ашық-жарқын бейнесі көзімнен өтіп, жүрегіме жетті. Содан бері әлі ғашық болып келемін. Менің жұмысым тек – сахнаға шығу. Қалған тірліктің бәрі Анеляның мойнында. Тіпті, менің артық салмақ жинап қоймауымды да бақылап отырады, – дейді жас отағасы.
Калифарнияның жас отбасыларға айтар кеңесі де аз емес.
Үйленгелі сағат он екіден кейін үйде болуға тырысамын. Өнер адамы бола тұра, отбасым алғашқы орында. Әйеліммен көбірек сырласамын. Оны көп тыңдаймын, естимін. Жас үйленген жұбайлар бірге көбірек уақыт өткізуі керек деген ұстанымдамын, – дейді әнші.