$ 494.87  520.65  4.91

Депутат: Интернет алаяқтарына алданғандар тергеудің әділетті өтетініне сенбейді

Оның ішінде Қытайдан арзан тауарлар, ыдыс-аяқ жіберемін деген әлеуметтік желі арқылы өзін ірі кәсіпкер ретінде көрсетіп, қол астында заңды жұмысшылары барын айтып елді сендіріп келген. 

 

Фото: видеодағы кадрдан алынды
Фото: видеодағы кадрдан алынды

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев қаржылық пирамидалар мен интернет алаяқтарға алдандағандар жөнінде Бас Прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Дәулет Мұқаевтың айтуынша, қазіргі кезде интернет алаяқтарының құрбаны болған азаматтардың жағдайы ушығып барады. Қазақстандықтар шетелден арзан тауар әкеліп беремін деген адамға сеніп, 30 млрд теңгесін берген.

Елімізде интернет алаяқтықпен айналысатын адамдардың саны азаяр емес. Былтыр 20 444 дерек тіркеліп, 16,5 млрд теңге залал келген. Биыл 15 мыңға жуық дерек тіркеліп, залал сомасы 11 млрд теңгеден асты. Олардың құрбаны – көбінесе үйде отырған аналар мен қыз-келіншектер, - деді Мәжіліс депутаты.

Депутат бүгінде интернет алаяқтықтың жаңа түрі шыққанын айтып, алаңдаушылық білдірді.

Соңғы уақытта «Байер» арқылы адамдарды алдау шықты. «Байер» деген атаумен Қытай, Түркия, АҚШ-тан арнайы арзан тауар жеткізушілер көбейді. Бірі елімізде тіркеліп, заңды жұмыс істесе, енді бірі халықты алдап жүр. Қазір байытамын деген «байерлерге» барын берген қара халықтың базынасын да жиі естіп жүрміз. Солардың бірі ел арасында Айс Мұратова деген атпен танымал – Арайлым. Соңғы 2 жылда ол халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап, өзін жақсы жағынан жарнамалаған. Оның ішінде Қытайдан арзан тауарлар, ыдыс-аяқ жіберемін деген әлеуметтік желі арқылы өзін ірі кәсіпкер ретінде көрсетіп, қол астында заңды жұмысшылары барын айтып елді сендіріп келген. Төлемдерді ешқандай келісімшартсыз, яғни карталық шотқа аудару арқылы жіберуді сұраған, - деді депутат.

Дәулет Мұқаевтың айтуынша, қазақстандықтар оған 30 млрд теңге берген. Басында аз-маз ақшаға қажет тауарларды жіберіп, кейін ірі сомаға жеткенде барлық салымшыны бір күнде алдап кеткен. Содан бері не тауар, не ақша қайтарылмаған.

Депутат Бас прокурордан істі жеке бақылауына алуын сұрады.

Құрметті Берік Ноғайұлы, бұл мәселе күннен күнге ушығып барады. Алданған отбасылардың жағдайы ауыр. Қаншама шаңырақ шайқалуға жақын. Бұл схема қаржы пирамидасына қатты ұқсайды. Сондағы ақшаны санаса, 30 млрд теңгеден асады. Бұл – оншақты мектеп салатын ақша. Сондықтан жоғарыда айтылған мәселелерді ескеріп, тергеуді әділ жүргізіп, іске қатысы бар барлық адамға тиісті жаза қолдану керек. Себебі, алданған адамдар тергеудің әділетті өтетініне сенбей, жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Сондықтан бұл мәселені өзіңіздің жеке бақылауыңызға алуды сұраймын, - деді Дәулет Мұқаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары