$ 494.87  520.65  4.91

«Қиын сәтте көрсеткен көмегін ұмытпаймыз». Ауған елі қазақ құтқарушыларына алғыс айтты

Жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін Ауғанстанға Қазақстан ТЖМ үздік мамандары жіберілді.

Фото: ТЖМ
Фото: ТЖМ

Қазан айы Ауғанстан елі үшін оңай болған жоқ. Өйткені магнитудасы 6,2 болатын жер сілкінісі мыңдаған адамның өмірін жалмап, біраз жыл тұрғызылғанды бір сәтте қиратып өтті. Герат қаласынан басталған дүмпулер жалғасын тауып арада алтын күн өткеннен кейін тағы да екі мәрте жер сілкінді. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетуді тапсырған болатын. Сондай-ақ құтқарушылар жасағын да жіберді. Skifnews.kz ақпарат порталы бүгінгі материалында көмек көрсету үшін шекара асқан құтқарушылар еңбегіне тоқталмақ.

Герат қаласында жойқын жер сілкінісі тіркелгеннен кейін көп уақыт ұзамай салдарын жоюға елімізден жасақ аттанды. Министрлік 45 адамнан тұратын топты алдымен дайындықтан өткізіп алды. Топта құтқарушылардан бөлек кинологтар, дәрігерлер мен фельдшерлер болды. Олардың барлығы дерлік құтқару жұмыстарының қыр-сырын меңгерген нағыз мамандар. Одан бөлек құтқарушылар мен медицина қызметкерлері бұған дейін Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға аттанғандар. Әдеттегідей құтқару жұмыстарына қажет болатын барлық жабдықпен қамтылды. Топты Ауғанстанға Қазақстан Республикасы ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ұларбек Әбікеев бастап апарды.

Ауғанстан жеріне түнгі уақытта жетсе де құтқарушылар бірден жұмысқа кірісті. Біздің жігіттерге Герат қаласынан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан Наиброфи жерінде өз жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Жергілікті биліктің хабарлауынша, Наиброфи ең қиын аумақ болып саналады. Себебі дәл осы жерде жоғалғандар саны көп тіркелген.

Фото: ТЖМ

Құтқарушылар 24 сағаттың ішінде қираған үйлердің фрагменті болып саналатын 76 учаскедегі үйіндіні бөлшектеді.

Медицицна қызметкерлері мен фельдшерлер де қарап қалмай қырыққа жуық тұрғынға, оның ішінде 5 балаға медециналық көмек көрсетті. Жарақаттанғандар мен стресс алғандардан бөлек, суық тиген адамдарға да ем-дом жасалды.

Бұдан бөлек Ауғанстанға еліміздің ең үздік құтқарушысы өзінің төрт аяқты серіктесімен аттанды.

Жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін Ауғанстанға Қазақстан ТЖМ үздік мамандары жіберілді. Солардың бірі – кинолог Дмитрий Денисов  және оның Чарли есімді төрт аяқты серіктесі. Дмитрий - халықаралық деңгейдегі құтқарушы, азаматтық қорғау жүйесінде 1998 жылдан бастап жұмыс істейді. Өте тәжірибелі маман, практикалық білімі мол, - деп жазды ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

Фото: ТЖМ

Ауғанстанда жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде біздің құтқарушылар үйінді астынан бір баланың денесін алып шықты. Жүзге жуық жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсетілді. Мыңға жуық қираған үйдің учаскесі тексерілсе, 211 фрагмент бөлшектелді.

Ел құтқарушылары шекара сыртындағы жұмыстарын абыроймен атқарып, елге оралды. Олар апат болған жердің географиялық орнына қарамастан өз міндеттерін жоғары дәрежеде атқаратындықтарын және кәсіби біліктіліктерін көрсете білді.

Біз Қазақстанның қиын сәтте көрсеткен көмегін ұмытпаймыз, - деп Ауғанстан мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Мохаджер Сахиб біздің жасаққа өз алғысын жаудырды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін Қазақстан ТЖМ күштері мен құралдары Ауғанстанға аттанған болатын.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары