08.11.2023, 20:30

Президент Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасын қабылдады

Фото: Ақорда

Ол мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері бойынша заң жобасы әзірленгенін баяндады.

 

Мемлекет басшысы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймардановты қабылдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жандос Шаймарданов Қазақстан экономикасындағы құрылымдық және институционалдық реформалардың жүзеге асырылуына жасалған сараптама жұмыстарын таныстырды.

Президентке ұлттық статистиканы реформалау жөніндегі бағдарламаның іске асырылу барысы және Ұлттық статистика бюросын цифрлық ведомствоға айналдыру жөніндегі тапсырмасының орындалуы туралы мәлімет берді.

Сонымен қатар, мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері бойынша заң жобасы әзірленгенін баяндады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық реформаларды сапалы әзірлеу маңызды екенін атап өтіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.